ҰБТ тапсыру ережелері түбегейлі өзгеруі мүмкін – Сағадиев

ҰБТ тапсыру ережелері түбегейлі өзгеруі мүмкін – Сағадиев
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Болашақта Ұлттық бірыңғай тестілеу түрінен мектеп мұғалімдері босатылып, тестілеудің түрі түбегейлі өзгеруі мүмкін. Білім саласындағы өзгерістер жайын Үкімет сағатында министр Ерлан Сағадиев баяндады.  

Тестілеу форматын жаңаша жасақтау кезінде мұғалімдер мен ата-аналардың  ұсыныстары еленбек. Ведомство басшысы білім саласындағы басқа да бірқатар кедергілерді жайып салды.

Биыл жаңадан құрылған Түркістан облысынан бөлек, Батыс және Орталық Қазақстанда оқулық тапшылығы тағы да қайталануы мүмкін. Өйткені, қос өңір мен Елорда шенеуніктері мектепке оқулық жеткізетін компаниялармен келісім-шартқа әлі отырмаған. Министр Үкімет отырысында жергілікті әкімдіктерден осы мәселені жіті назарға алуды сұрады. Министрлер басқосуында Ерлан Сағадиев апатты жағдайдағы мектептер жайын тізбектеді. Жалпы, ел төңірегінде 40-тан аса мектептің жағдайы әлі де сын көтермейді.    

«44 мектеп апатты жағдайда. Олардың көбі Түркістан облысында орналасқан. Түркістан облысында – 12, Жамбыл облысында – 7, Атырау облысында – 6, Батыс Қазақстанда – 6 мектеп апатты жағдайда тұр», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Ведомство үш ауысымдық мектеп оқуын да жойғысы келеді. Соңғы жылдары демография, яғни халық санының көбеюі мен ел тұрғындарының көшіп-қонуы, оқу ордаларындағы кабинеттерде сығылысып оқу үрдісіне әкелген. Министр бұл жағдайды бюджеттен қосымша қаржы бөліп, жеке компанияларды тартып, оларға білім ордаларын салдыру арқылы шешуге болады деді.

Сонымен қатар, Ұлттық бірыңғай тестілеу форматы өзгеруі мүмкін. Шешім қабылданса, ел ұстаздары толықтай Ұлттық тестілеуден шеттетілуі ықтимал.

«Ұлттық бірыңғай тестілеу мен кешенді тестілеу бірдей функция атқарған соң, осы екі тестілеуді бірге өткізуге қатысты ұсыныс бар. Екінші, Ұлттық бірыңғай тестілеу жоғары оқу орнына түсетін емтиxан болғандықтан, оны өткізу шараларынан мектеп мұғалімдерін босату. Үшінші, мектеп балаларын Ұлттық бірыңғай тестілеуге емес, мектеп бағдарламаларын игеруге дайындау қажет болғандықтан, мектептерде сынама, яғни «пробный» тесттерін өткізбеу. Төртінші, мемлекеттік білім гранттарын оқу тіліне – қазақ немесе орыс тілдеріне бөлмей тағайындау, сондай-ақ, тағы бірнеше ұсыныс бар», – деді ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан САҒАДИЕВ.

Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев жұмыссыз жүрген жастарды қысқамерзімді білімге тарту керек екенін де айтты. Оның сөзінше, жастардың кәсіптік-теxникалық тегін білім алуға құлшынысы жоқ. Әсіресе, 14 пен 24 жас аралығындағы жастардың теxникалық және бейінді біліммен қамту көрсеткіші төмен. Жағдайды дереу реттеу керек деген премьер-министр Ерлан Сағадиевке тапсырма берді. Соның аясында ведомство әкімдіктер мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы қосылып, қысқа мерзім ішінде бос жүрген жастарды кәсіптік біліммен қамту шаралын қолға алмақ.

Нұржан Сәдірбай, «Алматы» телеарнасы, Астана


Новости партнеров