Қора қоқысқа толып, күлімсі иістен көз ашпай жүргенімізге
10 жыл болды деген Жетісу ауданының тұрғындары арнамыздың уатсап
нөміріне хабарласып көмек сұрады. "Айнабұлақ-1" ықшамауданындағы нөмірі
бірінші үйдің алдындағы 1 жарым сотық жердің қоқыс үйіндісіне айналып
бара жатқанына наразы.
«Айнабұлақ-1» ықшамауданындағы тұрғындардың ашуын келтірген 1 жарым
сотық жер телімі осы. Көп қабатты үй мен емхананың дәл алдындағы
тырнақтай жер қоқыс ордасына айналғалы талай жылдың жүзі болған.
Қолындағы қоқысты тиісті жерге тастауға ерінгендер, қоршаудың ішіне
лақтырып жүре береді. Соның кесірінен қаптаған күл қоқыстан шығатын иіс
былай тұрсын, қаңғыбас иттерде көбейген. Одан қалды жарықта жоқ.
Кешқұрым көше бойына шығудың өзінен сескенеміз дейді жұрт. Бұл мәселе
бойынша талай жерге шағымда жазылған. Алайда, жеке меншікке тиесілі
жабық қоршаудың мәселесін шешу мүмкін болмай тұр.
"Айнабұлаққа қоныс аударғаныма 10 жылға жуықтады. Содан бері осы
күл-қоқыстың куәсі болып келемін. Көршілер де, КСК өкілдері де жер
телімінің иесін іздестіруге тырыстық. Бірақ, нәтижесіз болды. Арлы-берлі
өткен-кеткен адамдар қолындағы қоқысын қоршаудың артына тастап кете
береді. Олармен өз бетімізше күресіп те шаршадық.
"Таудай үйінді. Мұның барлығы микроб болып ауаға тарап жатыр. Одан
неше түрлі аурулар шығады емес пе? Маңайдағы емханаға келуші науқастар
мен кішкентай балаларға обал",- деді Ливанна ЖҰМАКИНА.
Үйінді алдындағы үйдің тұрғындары ала жаздай терезелерін тұмшалап
отыруға мәжбүр. Өйткені, сәл жел тұрса үй ішін жағымсыз иіс басып,
қолқаны қабады. Қоршаудың артын кім көрінген дәретханаға айналдырыпты.
Бұған қоса, маңайда дәрі-дәрмектің қабықтары мен бос құтылары да шашылып
жатыр. Осыған орай, экологтар жақын маңдағы емхананың өкілдерін жауапқа
тартып еді, олар «біз өз қоқысымызды арнайы жерге тастаймыз»,- деп
бастарын алып қашты.
Қараусыз қалған жер теліміне түн батысымен қаңғыбастар мен нашақорлар
иелік ететін көрінеді. Мұндағы әр қадам сайын шашылған есірткілік
препараттар мен инелер соны айғақтайды. Олардың көптігінен тұрғындар
тіпті балаларының қауіпсіздігі үшін алаңдап отыр.
Талай жылдан бері тұрғындардың мазасын қашырған жер теліміндегі
үйіндіні көрген қаланың тазалық сақшылары қол қусырып қалмады. Олар
дереу табиғатты қорғау полициясын шақырып тиісті шара қолдануға көшті.
Әуелі қоршауды сүріп, бұған дейін ешкімге төбе көрсетпеген жер телімінің
иесін шақыртып, жауапқа тартты.
"Жеке кәсіпкерге өзіне тиесілі жерді тазаламағаны үшін әкімшілік шара
қолданылады, айыппұл салынады және тек айыппұлмен шектелмей осы өзіне
тиесілі жерді айнадай қылып тазалатқызамыз. Уақыт беріледі тазалап
жан-жағының бәрін қалыпқа келтіруге. 2 күнге дейін істемесе, 2 күннің
ішінде онда ол айыппұл жоғарылайды",- Алматы қаласы қоршаған ортаны
қорғау және экология бөлімінің басшысы, Алмасбек СӘТТІБАЕВ.
Айыппұлдың жоғарылап, қалтасынан шығын шығатынын білген бойда жер
теліміне жауаптылар бірден іске кірісті. Жұмысшылар шақыртып, талай
жылдан бері қатқыл қалдық пен күл-қоқыстан көз ашпаған жерді тазалай
бастады.
Экологтар жер телімін қоқысқа айналдырған кәсіпкерден бөлек, мемлекет
меншігіндегі аумақты таза ұстамаған жауапты мекеменің жұмысшыларын да
осылай сыбап алды. Бұл жерді күн сайын мұнтаздай етеміз, алайда күн
сайынғы көрініс осы деген жұмысшылардың әрекетін әшкере болды.
Топыраққа көміліп қалған қоқыстарды шығарып, дереу тазалық шарасын
жүргізуді тапсырды.
Айдана Мейрамбайқызы, Әсет Құндақбаев, "Алматы" телеарнасы
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыз, жаңа басылымдарды жіберіп алмау үшін