Алматыда ауыс-түйіс. Наурызбай ауданына мәслихат келісімімен жаңа әкім болып Санжар Тоғай тағайындалды. Ал бұрын ауданды басқарған Сайран Сайфеденов жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары болып бекітілді. Айта кетейік, Санжар Тоғай соңғы бір жарым жылда Жетісу ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеді. Жаңа әкімнің алдына бірқатар міндеттер қойылды. Оның қатарында кәсіпкерліктің, мәдениет және спорттың жаңа нысандарын, тұрғын үйлер, медицина және басқа да оқу орындарын салу қажеттігі айтылды. Оған қоса, халықты сумен қамтамасыз етуді жалғастырып, Абай даңғылын дамыту жобасын сапалы жүзеге асыру тапсырылды. Жалпы соңғы үш жылда Наурызбай ауданында бюджетке құйылатын салық түсімі 11 есе, жұмыс істейтін шағын және орта кәсіпорындар саны 6 есе өсті, негізгі капитал инвестициясы 4 есе ұлғайған. Өткен жылы бірнеше білім ордасы мен емхана салынды. Қазіргі таңда 1200 орынды тағы бір мектептің, 320 орынды балабақшаның, медициналық жедел жәрдем станциясы мен өрт сөндіру депосының құрылысы жүруде. Қарғалы өзенінің жағалауында аудан тұрғындары үшін жаңа демалыс орны пайда болды. Төрт саябақ пен скверлер ашылды. Сондай-ақ 43 аула жөнделіп, ауданның 190 шақырым жолы тегістелді.