Наурызбай ауданында жаңадан су құбырлары тартылады

Наурызбай ауданында жаңадан су құбырлары тартылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз


Кеңезесі кеуіп келген тұрғындар енді ауыз суға жаритын болды. Наурызбай ауданында жаңадан су құбырлары тартылып, 6 мың үйге тіршілік нәрі берілмек. Осыған дейін ұңғыма арқылы суды тұтынып келген ағайынға, аудан билігі ауыз суды қашан беруді ұйғарып отыр? Бұл іс неге созбақталды? Нұрсұлтан Біләл анығын біледі.

Мыңдаған тұрғынның талай жылдан бері, аңсары ауып, аңсап келген ауыз су мәселесі енді шешімін табады. Ақжолтай осы ақпарды жергілікті билік жария етті. Негізігі, Наурызбай ауданы құрылған кезде-ақ, су және кәріз құбырларын тарту жұмысы лезде қолға алынған. Арада 3 жыл өткенде қыруар іс тәмамдалуға жақын. Қазынадан ол үшін бас-аяғы 7 млрд.теңге бөлінген.


Межелі уақыттан кешігіп, құрғақ уәде беруден жалықпаған мердігер компания басшыларына ақыры тықыр таянды. Ауданда су және кәріз құбырларын тарту бойынша жұмыс жасаған 23 компанияға айыппұл салынса, 2 лицензиясынан айырылған.

«Нұр жол строй» мекемесі осы Қалқаман ықшам ауданының Асфандияров пен Нүрпейісов көшесінде жұмысты толық аяқтамау себебінен лицензиясынан айырылған болатын. Оның жанағы осы жұмыстарды орындамауының құны 35 млн болатын. 35 млн бюджетке қайта аударылды. Енді оның жұмысын «Холдинг Алматы су» мекемесімен іске асырылатын болады»,- деді Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы, Дәурен ЖАНДЫБАЕВ.

«Ақ бұлақ» мемлекеттік бағдарламасының аясында аталған ауданда 3 жылда 120-дан астам шақырым су, 80 шақырым кәріз құбырлары жүргізілген. Ал жұмыстың толық аяқталуы үшін мердігерлердің мойнына бірқатар ескертулерді жою жүктелді. Жұмыстардың толық аяқталуына бір айдан аз уақыт берілді. Ал шағын аудан тұрғындары болса дер кезінде тиісті мекемелермен келісім шартқа қол қоюлары керек.

«Қазіргі таңда абоненттік бөлім ашылды. Әрбір тұрғындар келіп өздерінің арыздарын жазып, қазірден бастап, болашақта су құбырына қосылу және кәріз құбырларына қосылу үшін келісім шартқа отыру керек белгілі мекемелермен»,- деді Наурызбай ауданының әкімі, Сайран САЙФЕДЕНОВ.

"Қалқаман" ықшам ауданының тұрғындары қазірге дейін 17 су ұңғымасы арқылы тіршілік нәріне қол жеткізіп отыр. Дегенмен, жаз мезгілінде ұңғыма арқылы мыңдаған тұрғынды сумен қамтамасыз ету мүмкін емес екен. Сондықтан да жұмыс қарқынын күшейту көзделуде.

«Толық жұмыстар тамыздың аяғына дейін аяқталып, тамыздың аяғында су беру жұмыстары басталатын болады. 72 көшеге кезең-кезеңімен су берілетін болады»,- деді Энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысы орынбасарының міндетін атқарушы, Дәурен ЖАНДЫБАЕВ.

Бұдан басқа шағын ауданның 30-дан астам көшесіне асфальт төселіп, жарықтандыру мен арық жүйесі де іске қосылады.

Нұрсұлтан Біләл,  Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров