БАҚ туралы заңға енгізілетін өзгерістерді билік өкілдері талқылауда

23.01.2017 15:22

Заң да заман көшінен қалмауы керек. БАҚ туралы заңға енгізілетін өзгерістерді қоғам да, төртінші билік өкілдері де қызу талқылауда. Төрт кодекс пен 12 заң түзетіледі. Қыркүйектен басталған талқылау отырыстарына  қоғамдық белсенділер мен  осы саланың қазанында біте қайнасып жұмыс істеп жүрген азаматтардың барлығы  дерлік қатысуда. Тек Астанада емес, өзге өңірлердегі журналистермен де байланыс орнатылған. Онлайн режимде пікірлерін біліп, түзетулерін түртіп қоюда. Сонымен, мамырда мәжілісмендердің назарына ұсынылатын заң жобасын дайындау қазір қандай деңгейде?  Бұл сұрақтардың жауабын астаналық тілшіміз Айжан Шамшидин тыңдап қайтқан еді.

Бір терінің пұшпағын илеп жүрген азаматтар қыркүйектен бастап, БАҚ туралы заңды назарға алған. Түзетулер енгізу басты мақсат. Себебі, соңғы кезде сарапшылар,  заңнамалық құжаттың құзіреттілігі мен орындалуын күшейтуді бірауыздан айтуда. Мәселе де, осында. Медиа саласында жүрген  журналистер қауымын алаңдататын бір сұрақ, заңды түзейміз деп, керісінше күзеп алмаймыз ба!? Министрлік жарнамаланатын тауарлар мен қызметтердің тізімін кеңейту мен «телесауда» ұғымын енгізуді көздеп отыр. Сәйкесінше, талай жылдан бері көгілдір экраннан алынып тасталған аз алкогольді сусындар  қайта шығады. Тек сағат 22:00-ден таңғы алтыға дейін. 

«Шыны керек бұл өнімдерді жарнамаласақ та жастар арасында қызығушылық жоғары. Ертең бізді телеарналарда алкогольді өнімдерді жарнамалау арқылы одан сайын ұрпақтың жаман әрекетке баруына септеспейміз бе деген? Жарнамалау арқылы бүтіндей бір ұрпақты кері итермелемейміз бе деген күмән туындап отыр»,- деді ҚР бас редакторлар клубының вице-президенті, Бибігүл ЖЕКСЕНБАЙ.

«Нарықтық заманда күн көруіміз қиындап кетті» деген жеке меншік телеарна басшыларының базынасын министрлік құп көрді. Ал  заңнама депутаттардың алдына барғанда әлі  талай талқыға ұшырайтыны сөзсіз.  Тағы біз өзгеріс- заңға сәйкес, әр журналист айтқан, жазған ақпаратына растайтын дәлел келтіруі міндетті. Әрине, бұл норма тілшілер қауымына жақпады. «Еркіндігімізге тұсау салады» дегенімен, ел ағалары бұл ұсынысты қос қолдап отыр.  

«Сенсация  қуалап, болмаса шындыққа сай келмейтін ақпараттар шығып кетіп жатады. Осының барлығын жүйелеу керек. Ақпарат деген адамның санасына әсер ететін дүние бірінші кезекте. Әрбір ақапараттың шындыққа сай болуы және журналистердің сол ақпарат үшін жауапкершілігін арттыру. Әрине, журналистер үшін біршама қиындықтар туғызады. Себебі, анық-қанығын білу үшін бірақ еңбектенеді»,- деді «Қазақстан» ТРК басқарма басшысының орынбасары, Ілияс ЫСҚАҚОВ.

Дәрігерлік, қызметтік құпия ақпараттарды таратуда, міндетті түрде ақпарат иесінің жазбаша рұқсаты болуы керек. Ал желілік басылым ретінде тіркелген блогерлер бұқаралық ақпарат құралдары пайдаланатын құқыққа ие болуы мүмкін. Оларға ерікті түрде желілік басылым ретінде тіркелу мүмкінділігі қарастырылады.  Бұл ретте блогтардың жұтаң тілде, қала берді шала сауаттылардың дау-дамайы мен байбаламына айналмауына көңіл бөлу қажет. 

"Жалпы, заңнамадағы өзгерістер қай жағынан  алып қарасақ та, дұрыс деп санаймын. Дамыған елдердің қатарына қосыламыз десек, заңнаманы тіптен қайта жазып шықса да артықтық етпейді. Тілшіліердің сауаттылығы мен еркіндігін молайтуымыз қажет. Сонда ғана, шынайы ақпарат шығады. Бәсеке пайда болады",- деді  INFORMBURO.KZ порталының бас редакторы, Михаил ДОРОФЕЕВ.

Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев заң жобасын мәжілісмендердің назарына сәуір-мамыр айында ұсынатынын айтты. Бюджет, салық, әкімшілік құқықбұзушылық, кәсіпкерлік туралы кодекстер қайта қаралады. Жаңа қарым-қатынастарға құқықтық негіз береді. Ал ең бастысы,  қоғам мен биліктің ортасындағы дәнекер құрал журналистердің құқығы мен мүддесін жаңа қырынан қорғауға сеп болады.

 Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарансы, Астанадан