Алматыда 17 жастағы Қазақ Ұлттық Аграрлық университетінің студенті қайтыс болды. Белгілі болғандай, 1 мен 2-ші курстың студенттері арасында төбелес орын алған. 1999 жылғы баланың денесінен ешқандай суық қарудың ізі анықталмағаны белгілі болды. Ал оқу орнының бірінші проректоры Қанат Тіреуов сабағын 5-ке оқыған баланың эппилепсия ауруына шалдығуы мүмкін деп отыр. Қазір емханада оның денсаулық картасы тексеріліп жатыр. Оқу орнындағылар жатақханада ешқандай да төбелістің болмағанын айтады.
«Болысбек Дидар біздің университеттің студенті. Жедел жәрдем шақырттық. Олар Дидарға биологиялық өлім деген диагноз қойды. Оның денесінде ешқандай жарақаттар табылмады. Көгерген немесе ісінген жерлері болмады. Ешқандай физикалық жарақаттар табылмады. Қазір біздің қолымызда экспертизаның қорытындысы бар. Онда кенеттен жүрек талмасы делінген. Басында, қолында, денесінде ештеңе табылмады»,- деді Қазақ ұлттық аграрлық университетінің бірінші проректоры, Қанат ТІРЕУОВ.
¤Алматы қаласының прокуратурасы жағдай бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Әзірге баланың неден нақты қайтыс болғаны белгісіз. Іс Бостандық аудандық Ішкі істер басқармасында қаралып жатыр. Аталған фактіге қатысты 10 студент тергеліп жатыр екен.
«Оқиға түнгі сағат 1-де болған. Қазақ Ұлттық аграрлық университетінің студентінің жатақханасында 2-ші курстың студенттерімен 1-ші курстың студенттері арасында қақтығыс болған. Қақтығыс барысында 1-ші курстың студенті қайтыс болды. Бүгінгі таңда Бостандық ауданының ішкі істер қызметкерлерімен кінәлі адамдар белгілі. Және қазір барлық адамдармен жұмыс жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс аудандық прокурормен қадағалауға алдық»,- деді Бостандық аудандық прокурорының орынбасары, Ербол ҚҰЛБАЕВ.