|
15.06.2017 | 10:10
2420

Алматының Медеу ауданына қарасты ондаған көшеде 8 айдан бері жарық жоқ

Алматының Медеу ауданына қарасты ондаған көшеде 8 айдан бері жарық жоқ

Медеу ауданына кіретін ондаған көшеде 8 айдан бері жарық жоқ. Бұрынғы «Малая станица» деп аталып кеткен аумақта тұратын халық күн батса болды, үйден шықпауды дағдыға айналдырған. Түнгі уақытта түнек басқан тар көшелермен жүріп өту - тұрғындардың басты мұңы. Ал бұрыннан жарық беріп тұрған ағаш бағандарды жаңа үлгідегі шамдарға ауыстырамыз деген жауаптылар бастаған ісін сол күйі аяқсыз қалдырыпты.

Медеу ауданында орналасқан Гурилев, Блок, Қабылов, Чаплин сияқты тағы 15 шақты көше өткен жылдың қараша айынан бері түнекке оранған. Өздерін өркениеттен мақрұм қалғандай сезінген тұрғындар тыныш тұрған жарық бағандарының неліктен алынып тасталғанын білмей дал. Әбігер болған әлеумет түндерін қорқынышпен өткізуге тура келген. Тіпті жұрт аймақ барған сайын түрлі қылмыстың ордасына айналып барады деп шарқ ұрып жүр.

«Мысалы, менің бала-шағам жұмыстан жай келеді. Кейде 1-де, кейде 2-де келеді. Келген кезде мына көшеден..бұл жерде неше түрлі жағдай бар. Наркомандар жүреді, анау жүреді, мынау жүреді. Бір күні менің қызымды қуалап келді. Көзі бақырайып кеткен. Жүрегі тарс-тұрс етеді. Не болды? Мама артыма түсіп алды дейді. Сондай жағдайда кім жауап береді? Таксиге де кейде сенесің, кейде сенбейсің. Сол үшін бізге жарық керек»,- деді Қала тұрғыны, Күләнда ТӨЛЕНДИЕВА. 

Тұрғындардың бұл мәселені көтеріп жазбаған жері қалмапты. Аудан әкімдігіне де, жарық беріп отырған мекемеге де өтінім жолдаған. Алайда, бір-біріне сілтеген жауаптылар ақыры мәселені мардымды шешпегенге ұқсайды.

«4 ай болды менің уже хабарласқаныма. Майда болады деді, майды күттім. Майда болмады. Тендерден жеңіліп қалдық, бізде ақша бөлінбей жатыр бюджеттен. Бөлінгеннен кейін барып біз қосамыз деді. Әне-міне біз күтіп отырмыз сол жарықты әлі қосқан жоқ. Бізге жарық өте қажет»,- деді Қала тұрғыны, Ботакөз ДАЙЫРОВА. 

«Алматы қала жарық» кәсіпорны бұл олқылықты жарықпен қамтып отырған мердігер мекеменің жүгенсіз жұмысынан болғанын айтуда. Тіпті бұл көшелердің жобасы о баста болмаған екен, яғни жоспарға кірмеген көрінеді. Ал келесі жылы 150 шақырымдай көшедегі шамдар қайта жөндеуден өтпек. Әзірге аталған 20 көше ол тізімде болмай шықты.

«Проекттары жоқ. Қаражат оған бөлінбеген. Енді осы сессия маслихатында соған қаражат сұраймыз. Сұрап, олардың проектларын жасап, қаражат бөлініп жатса, 2018 жылдың басынан соңына дейін бітіреміз. Акционерлік общество «Алатау жарық» компаниясы өздерінің столбтарын ауыстырып жатыр. Модернизация жасап жатыр. Бірақ біз оларға хат жазғанда, олар бізге бұл көшелер списокқа түспеді, сол себептен осындай жағдай болып тұр. Бірақ қаражат бөлінсе сол светтің бәрін жөндеп қосамыз»,- деді «Алматы қала жарық» МКК бас инженері, Алмат ӘМІРЕШОВ. 

Қаражат бөлінсе жарықты қосамыз деп сендірген атқамінерлер қазір көшелердің жобасы мен сметалық құжатын әзірлеуге енді кірісіпті. Ал жобаның расталып-расталмауы тағы да белгісіз. Егер құпталмаса тұрғындар 2018-ге дейін емес одан да ұзақ уақыт түнекте отыруы бек мүмкін.

Назкен Байтілес, Арсен Сандыбаев, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы



Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир