Құрбан айт қарсаңында қалаға ұрланған немесе ауру малды кіргізбес үшін арнайы тексеріс жұмыстары жүргізілуде. Алматы қалалық Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы мен жергілікті полиция қызметкерлері бірігіп, қаланың барлық кіреберіс бекеттерінде қатаң қадағалау жұмыстарын қолға алған. Қалаға мал алып келе жатқан көліктерді тоқтатып, әрқайсысының құжатын жіті тексеріп жатыр.
Құрбан айт кезінде мал-мүлік арқылы атқарылатын ғибадаттың бір түрі – құрбандық шалу. Ұлық мерекесі қарсаңында қалаға ауыл-аймақтан көптеп мал әкеле бастайды. Ең бірінші талап – тірі малды тасымалдағанда ветеринарлық анықтама болуы шарт. Онда малдың қай ауруларға тексерілгені, қандай екпе жасатқаны жазылып тұруы тиіс. Және әр малдың құлағындағы жапсырма сырғадағы нөмірі арқылы электронды дерекқордан құжаттың дұрыс не бұрыс екені тағы анықталады.
«Егер анықтама болмаған жағдайда ол мал күмәнді болып есептеледі. Шыққан жері білгісіз, күмәнді. Сондықтан карантинддік шаралар ұйымдастырып, малды қайтадан тексеріп, егер бәрі дұрыс болған жағдайда, иесіне қайтарып береміз», – деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бас маманы Қуанышбай ЕРМАҒАМБЕТОВ.
Өткен жылы Құрбан айт кезінде Алматыға 35 мыңға жуық мал кіргізілген. Осындай тексеріс кезінде 15 заңбұзушылық анықталған. Ал биыл әзірге ешқандай ереже бұзғандар болмады дейді мамандар. Мал тасушылардың негізгі легі Құрбан айтқа 1-2 күн қалғанда келеді екен.
«Егер құжатсыз кірген жағдайда, біздің тарапымыздан ҚР Әкімшілік құқықбұзышулық кодексінің №406 бабы бойынша жеке тұлғаларға 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде, ал жеке кәсіпкерлерге және лауазымды тұлғаларға 50 АЕК айыппұл салынады», – деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары Данияр МҰРАТҰЛЫ.
Биыл тамыздың 21-і, 22-сі, 23-і күндері Алматы қаласы бойынша 23 орынға уақытша мал союға рұқсат берілген. Сібір жарасы, аусыл, бруцеллез, туберкулез сынды аса қауіпті аурулар адамға малдың өнімімен немесе тікелей қарым-қатынаста болғанда да жұғуы мүмкін. Сондықтан дәрігерлер құрбандыққа шалатын мал таңдағанда абай болған жөн дейді. Ал 10 тамызда басталған тексеріс шаралары 23-ші тамызға дейін жалғасады. Мамандар арнайы кестемен күндіз-түні кезектесіп қалаға кіргізілетін ірі қара мен ұсақ малды қатаң қадағаламақ.
Тоғжан Аман, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы