Былтыр Алматының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 4,8 пайызға артқан

02.05.2017 14:40


4 триллион теңгеге жуық заңдастырылған активтер Алматы экономикасына қосымша серпін берді. «Инвестор күнінде» қала әкімі Бауыржан Байбек қаладағы жекешелендіру бағдарламасының нәтижесі мен бизнес климатын жақсарту мақсатында атқарылып жатқан шаралар легіне тоқталды. Өткен жылы қаламызға тартылған инвестиция көлемі едәуір өсіпті. Онда индустриалды аймақтың алар орны ерекше.

2016 жылы Алматының негізгі капиталына тартылған инвестиция көлемі 4,8 пайызға артқан. Нәтижесінде бюджеттік инвестиция көлемі 3 есеге артып, жекеменшік инвестиция капиталы 34 пайызды құраған. Бұл көрсеткіштер көлік құрылысы, жеңіл өнеркәсіп, химия, фармацевтика, тамақ өнеркәсібі саласында байқалған. Индустриалық аймақ та өз септігін тигізуде. Бүгінде 195 миллиард теңгені құрайтын 39 жоба іске асып жатса, оның 19-ы экспортқа бағытталған, ал 8-і шетелдіктердің қатысуымен жүзеге асып жатыр.

«Өткен жылы 18 мемлекеттік кәсіпорын жекешелендірілді. Ал 2017 жылы заңды активті 21 кәсіпорынды жекешелендіруге қоюды жоспарлап отырмыз. Жалпы алғанда экономиканың қарқынды дамуына заңдастыру өз әсерін тигізді. 2016 жылы 3,9 триллион теңгені құрайтын актив заңдастырылды. Бұл республика бойынша мүлік пен активтердің 70 пайызын құрайды», - деді  Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Ал, «Қазақстан темір жолы компаниясы» осы жылы 20 еншілес компаниясын жекешелендіруге қоймақ. Олардың ең ірілері Ақтау теңіз порты, Ақтау, Ақтөбе, Павлодар әуежайлары мен темір жол техникасын өндіретін зауыттар. Жеке кәсіпкерлердің қолына Самрұқ-Қазына қоры 215 активін бермек.

«Біздің басты мақсатымыз 30 пайыз активке халықаралық инвесторлдарды тарту. Активтеріміздің үштен екісі Қазақстандағы жергілікті инвесторлар мен біріккен кәсіпорындарға тиесілі», - деді «САМРҰҚ-ҚАЗЫНА ҰӘҚ» АҚ активтерді оңтайландыру жөніндегі басқарушы директоры Берік БЕЙСЕНҒАЛИЕВ.

Бүгінде үлкен нысандар мен компаниялар шетелдік инвесторлардың қызығушылығын тудырып отыр. Олардың пікірінше, Қазақстанда іс жүргізу пайдалы әрі тиімді екен. Оның үстіне мемлекеттік қызметтер жеңілдетілген.  

«Менің ойымша, қызығушылық Қазақстанда ғана емес, оның сыртында да байқалады. Өйткені ашықтық пен сенімділікке кепілдік беріліп отыр. Мысалы, инвестициялық банктер ірі активтерге қызығады. Оларды жекешелендіру 2-3-ші кезеңге жоспарланған», - деді «Қазақстандағы шетелдік инвесторлар кеңесі» қауымдастығының басқарма төрағасы Ульф ВОКУРКА.

Алматы қаласының өзінде өткен жылы 8 трансұлттық компания нарыққа енді. Оның ішіндегі ең ірісі болат өнімдерін шығаратын Жапондық «Tokyo Rope Almaty» компаниясы. Бүгінде кәсіпорын Индустриалды аймақта өз ісін кеңейтуді жоспарлап отыр. Мемлекеттік жекеменшік серіктестік бағдарламасы да инвесторлар үшін қосымша табыс көзі болмақ. 2016 жылы қалада осы бағдарламаның арқасында  160 жоба іске асырылса, 5 жарым мың орынды қамтитын 175 жеке бала-бақша ашылған. Бұдан бөлек тағы 20 жобаны іске асыру көзделіп отыр.

Азамат Әуезхан, Рашит Ілиясов, «Алматы» телеарнасы