Алматылық Анна Иваненко өзі туралы ақпаратты оңды-солды таратқан Халыққа қызмет көрсету орталығын айыптады. Айтуынша, қызметкерлер оның атына мекен-жай мен мүлік туралы анықтаманы бөтен біреулерге берген. Қазір осы қателікті жіберген қос қызметкер тұрғыннан кешірім сұрап, жұмыстан босатылды.
Алматылық тұрғын Анна Иваненконың дәл былай таң атпастан Халыққа қызмет көрсету орталығына заңгер ертіп келіп, полицияға арыз жазамын деп мүлде ойламапты. Мамандығы заңгер келіншектің айтуынша, өз электронды қолтаңбасымен egov сайтын тексерген. Сөйтсе, сәрсенбі күні оның атынан жеке ақпараттар яғни, жылжымайтын мүлік пен мекен-жай анықтамасы алынғаны белгілі болған. Бірақ келіншек ол кезде мүлде бос болмағанын айтады. Оның үстіне, қазір мұндай құжаттар оған керек те болмапты. Енді ол өзі туралы жеке ақпаратты бей-берекет таратқан мамандарды жазаға тартуын қалайды. Ол Ішкі істер басқармасына арыз жазды.
«Мен бұл ақпараттарды алаяқтар қолданғысы келді деп ойлаймын. Өйткені, менің қатысуымсыз, менің сенім хатымсыз оған қоса, менің рұқсатымсыз маған қатысты ақпараттарды алғандары дұрыс емес», - деді Анна ИВАНЕНКО.
Кеше жағдайды білмек болып, Алмалы аудандық Халыққа қызмет көрсету орталығына келген. Тек оның атынан бөтен біреуге құжат берген қызметкер ісіне жөнді жауап бере алмапты. Анықтаманы банк қызметкерлері сұратқан деп айтқан екен. Ал Анна Иваненко сенім хатсыз бөтен біреулерге құжат бергендерге ашулы. Алматылық тұрғынның заңгері Олег Чернов қызметкерлердің бұл әрекеті қылмыстық жауапкершілікке жатады, дейді. Кінәлі табылса, ірі көлімде айыппұл арқалап, тіпті 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
«Жылжымайтын мүлік, жеке ақпараттар, мекен-жай анықтамасын кімнің қандай мақсатта алғанын білмейміз. Бірақ олардың әрекетін заңға қайшы деп санаймын. Бұл іс Қылмыстық кодекстің 147-ші бабы бойынша қаралады. Яғни, жеке ақпараттарды тарату деген сөз. Арыз жазумен тоқтамай ары қарай да барамыз», - деді заңгер Олег ЧЕРНОВ.
Мүлік бағалайтын «Глобал Капитал» компаниясының өкілдері неліктен басқа банктың атын жамылғаны белгісіз. Өздерін «Форте Банктенбіз» деп таныстырғандардың нақты кім екендігі әлі белгісіз. Ал банк өкілі Қанат Мусиннің айтуынша, Анна Иваненко несиеге сұраным жібермеген. Тіпті тұтынушы да болмай шықты. Аға банкир Қазақстандағы кез келген екінші деңгейлі банктер тұтынушы келгенде оның жеке ақпаратын тексеру үшін өзінен рұқсат алынады, дейді. Әйтпесе, бөтен біреудің құжатына қол сұғылмайды.
«Банкте осы іске байланысты дереу тексеру жүргізілді. Фейсбукте жүктелген ақпаратқа қатысты айтарым, ондағы аты аталған қызметкерлер бізде жұмыс істемейді. Жекеменшік компаниямен біздер жұмыс істемейміз», - деді екінші деңгейлі банктің аға банкирі Қанат МУСИН.
Халыққа қызмет көрсету орталығы бұрын соңды мұндай жағдайдың тіркелмегенін айтады. Сөздерінше, «Глобал Капитал» компаниясынан 4 қазан күні орталыққа Анна Иваненконың атынан сенімхатты кейін әкелемін деген желеумен Мұхамеджанов Ғалихан есімді азамат анықтамаларды алып кеткен. Қазір Халыққа қызмет көрсету орталығының қызметкері кінәсін толықтай мойындап отыр. Бөлімді басқарған меңгеруші мен өрескел қателікті жіберген қызметкер жұмыстан босатылыпты. Істі тергеу үшін тиісті органдарға тапсырылған. Ендігі әрекетті құқық қорғау органдары анықтасын, дейді Әсел Мамажанова.
«Менің ойымша, тергеу тобы жуық арада мәселенің ақ-қарасын анықтайды. Жекеменшік компанияның қызметкері орталыққа жиі келіп жүрген. Бірақ осы уақытқа дейін тек сенім білдірген құжатпен бірге келіп, заңбұзушылыққа жол бермей келген. Тек осы жолы біздің қызметкерден қателік кетті. Негізі тиісті құжаттарсыз бөтен адамға туралы ақпарат берілмейді. Оған қоса, әрбір қызметкер жұмысқа тұрар кезде міндетті түрде ақпаратты таратпау жөнінде қол қояды», - деді Алматы қаласы Халыққа қызмет көрсету орталығы департаменті директорының міндетін атқарушы Әсел МАМАЖАНОВА.
Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары сақтық үшін электронды қолтаңбаны ұялы телефонға тіркеп қоюды ұсынады. Сонда әрбір жасалған әрекет бақылауда болады екен. Енді жеке ақпаратқа тек бет-әлпетпен немесе саусақ ізімен кіру ұсынылып жатыр.
Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы