Санкт-Петербургте алты лаңкес қолға түсті

Санкт-Петербургте алты лаңкес қолға түсті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Санкт-Петербургте алты лаңкес қолға түсті. Ресейдің күштік құрылымдары олардың Орта Азия елдерінің тумасы екенін айтады. Тіпті, апта басында метрополитенде болған жарылысты ұйымдастыруға солар ықпалдасуы мүмкін. Құзырлылар содырларды тұтқындау кезінде, олардан бірнеше күдікті әдебиет тәркілепті. Қазір әлгі оқулықтар зерттеліп жатқан көрінеді. Ал, терактіден зардап шеккен науқастардың жағдайы әлі де оңалмай тұр. Қала тұрғындары жаппай қан тапсыруда. Осы тұста, жер астында жойқын жарылыс ұйымдастырған жанкештінің есімі белгілі болды. Ол - 22 жастағы қырғыз елінің тумасы Акбаржан Жалилов екен. Ресейдің тергеу комитеті қазір оның ата-анасын сұрауға алған.

Қандықолдар қасақана ұйымдастырған жарылыстан кейін, Ресейде күшейтілген тәртіп орнады. Елдің күштік құрылымдары бұрыш-бұрышты тінтіп, күдіктілерді жаппай матап жатыр. Осы тұста, 6 бірдей лаңкес қолға түскен. Олардың "Ислам мемлекеті" террористік ұйымына мүше екені анықталды. Содырларды тұтқындау кезінде, жалдамалы пәтерден күдікті әдебиеттер табылған. Тергеушілер ұсталғандардың Санкт-Петербург метросында болған жарылысқа қатысы бар болуы мүмкін екенін айтады.                                           

¤Ресейдің тергеу комитеті лаңкестік әрекетті 22 жастағы Акбаржан Жалилов деген қандықолдың ұйымдастырғанын айтады. Ол қырғыздың Ош қаласында туған. Ресей азаматтығын 2011 жылы алыпты. Бұрын-соңды істі болмаған. Шамасы, содырлардың шырмауына түскен болуы мүмкін. Білетіндер, бұл отбасы шатақ мінезден ада дейді.                              

¤Қазір жанкештінің ата-анасын ресейлік тарап тергеп жатыр. Ал, Санкт-Петербургтегі ауруханада жатқан науқастар әлі де оңалмады. Дәрігерлер тарапынан оларға тиісті көмек көрсетілуде. Сондай-ақ, емдеу мекемесінде қан тапсырып жатқан адамдардың қарасы көп.     

«Осы күнге дейін 55 адам қан тапсырды. Кезекте тұрғандар да жетерлік. Бұл жайтқа бей-жай қарамаған тұрғындарға алғыс айтамыз»,- деді Мариин ауруханасының баспасөз қызметкері, Мария ХИТАРИШВИЛИ.

Есте болса, апта басында Санкт-Петербургтегі метрода жойқын жарылыс болған еді. Салдарынан 14 адам қаза тауып, 50-ге жетеғабылы жарақат алған. Ресей билігі бұл әрекетті "теракт" деп бағалады. Әзірге, ешбір лаңкестік ұйым - жарылысты мойындарына алған жоқ. Ал, ауруханада жатқан 4 адамның жағдайы тым ауыр екені белгілі болды. Дәрігерлер олардың өмірін сақтап қалу үшін, қолдан келгеннің барлығын жасауда.                 

 «Көмектескім келеді. Бұл елге ортақ қайғы. Сондықтан, науқастардың жағдайына бей-жай қарамауымыз керек»,- деді Донор, Лилия МАЛЫШЕВА.

Ресейде қаралы күн. Іргелес ел марқұмдарды жаппай аза тұтуда. Одан бөлек, әлем алпауыттары да бұл қайғыға ортақтасып жатыр. Олар жайттың жай-жапсарын анықтауға жәрдемдесуге дайын екендіктерін жеткізген.

Дастан Сейілханұлы, "Алматы" телеарнасы                              



Новости партнеров