Аспан асты еліндегі қандастарымыз қысым көрмеуі керек. Сенатор Нұрлан Қылышбаев осы мәселені көтерді. Ол үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевқа жолдаған депутаттық сауалында қытайда тұратын қазақтарға жасалып жатқан қысым туралы ақпаратты анықтауды сұрады. Қазақ диаспорасының жағдайы мен құқықтарының қорғалуы үшін сыртқы істер министрлігінің қандай шаралар атқарып жатқандығын және сараптама жүргізілмейтінін сынға алды. Депутаттың айтуынша, бұл мәселе шілде айында болған Дүниежүзілік Құрылтайда көтеріліпті. Сол уақыттан бері 1 жарым миллион қандастарымыздың құқықтарының бұзылғандығы туралы медиакеңістік пен әлеуметтік желілерде таралып үлгерген.
«Осы бейресми ақпараттың, діни құқықтарының шектелуі, шетелге шығуға төлқұжаттарына шек қойылу, оралман құжатын қолына алған қазақ ұлтының өкілдерінің сол құжаттарын қайтадан тапсыруға мәжбүрлеу туралы сөз көтерілуде. Менің сауалымның түйіні - осы ел ішіндегі, Қытайдағы қазақ диаспорасының құқықтарының шектелуі жөніндегі ақпарат шындыққа қаншалықты жанасады. Жалпы, Қытайдағы қазақ диаспорасының жағдайы мен құқықтарының сақталуы, қорғалу деңгейі қандай»,- деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты, Нұрлан ҚЫЛЫШБАЕВ.
Есте болса, осыдан үш күн бұрын еліміздің сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов қиындыққа тап болған қазақтардың мәселесі қалай шешіліп жатқанын айтқан болатын. Оның сөзінше, қазір қытаймен үкіметаралық деңгейдегі диалогтың күн тәртібінде қандастарымыздың да мәселесі бар және жан-жақты талқыланады. Бірақ министр екі жақты келіссөздердің күн тәртібін толық аша алмайтынын мәлімдеген.