Соңғы қоңырау: биыл еліміз бойынша 147 мың оқушы мектеп бітірді

Соңғы қоңырау: биыл еліміз бойынша 147 мың оқушы мектеп бітірді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін барша мектепте соңғы қоңырау соғылды. Биыл елімізде 147 мыңнан астам түлек мектеп бітіріп, үлкен өмірге жолдама алмақ. Ал Алматыдағы білім ошақтарынан 9 мың 156 оқушы түлеп ұшты. Олардың озат оқыған 500-ден астамы  «Алтын белгіден» үмітті. Шаһар басшысы Бауыржан Байбек қала бойынша білім сапасы ең жоғары мектептердің біріне барып, алтын ұяларымен қоштасқан түлектерге ақ жол тіледі.

Мектептегі соңғы қоңырау сыңғыры үлкен өмірдің қағылған күмбіріндей түлектерге ерекше әсер етті. Кеше ғана тұлымдары желбіреп, жүректері лүпілдеп, мектеп қабырғасын имене аттаған бұл ұл-қыздар бүгін балалық шағын артта қалдырды. Салтанатты сапта алтын ұяларымен қоштасқан әр оқушының жанарынан жас, көңілдерінен қимастық сезімі байқалды. Биыл Жетісу ауданында орналасқан №148 мектеп-гимназиясынан 75 түлек қанат қақты. Оның 16-сы «Алтын белгіге», үшеуі «Үздік аттестатқа» үміткер. Жас талапкерлерді құттықтауға қала әкімі Бауыржан Байбек келіп, өзінің жылы лебізін білдірді.

«Балаларыңыз сіздердің үлкен өмірге қадам басып жатыр. Осы қадамдарыңыз құтты болсын! Өмірде адамның мақсаты болмаса, ол мағынасыз өмір. Сондықтан мақсаттарыңыз әрқашан да биік болсын. Елбасы әрқашанда жастарға жағдай жасап, біз 2050 жылы ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына кіреміз деп үміттеніп жатырмыз. Біздің халқымыздың бар мүмкіншілігі бар. Ең басты біздің құндылығымыз ол - келісім, бірлік, бейбітшілік. Ол болса ары қарай мектептер, балабақшалар салынады. Осы жылдың ішінде біз мына 1800 орынға арналған Алатау, Наурызбай аудандарында 2 мектеп салып жатырмыз. 1200 орынға арналған 5 балабақша салып жатырмыз», - деді  Алматы қаласының әкімі Бауыржан БАЙБЕК.

Он жыл бұрын мемлекеттік бағдарлама арқылы қабырғасы қаланған бұл оқу ордасы білім сапасы жағынан қалада көш бастап тұр. Былтыр дәл осы мектептің түлегі сынақтан ең жоғары балды иемденіп, ұстаздарының мәртебесін арттырған. Сондықтан ұжым қала әкімдігі ұйымдастырған «Үздік мектеп» байқауында топ жарып, 19 миллион теңге ұтып алған. Бұл қаржы мектепті жабдықтауға жұмсалыпты. Соның әсерінен мұнда қазір түрлі үйірмелер жұмыс жасап, балалар, тіпті, робототехникаға икемделіп жатыр екен.

«Үздік мектеп» болған кезеңде түрлі шарттар қойылады. Сол шарттардан өктен мектеп қана үздік болып танылады. Соның бір дәлелі - бұл мұғалымдердің шығармашылық еңбегі есептеледі. Былтырғы жылдың өзінде ғана және биылғы жылды қосқан кезеңде бізде 64 мұғалім авторлық бағдарламалар жазған және біздің мұғалім былтыр «Республикалық үздік мұғалім» атанды, - деді Алматы қаласы №148 мектеп-гимназияның директоры Фатима АЛИАКБАРОВА.

«Ұстазына қарап, шәкіртін таны» демекші, бұл мектептің оқушылары да шеттерінен алғыр көрінеді. Сондықтан биылғы 11 сынып бітірушілері де өткен жылғы көрсеткішті бірнеше пайызға еселеуді жоспарлап отыр. Болашаққа айқын мақсат қойған Айдана мен Алмат мектеп мақтаныштары. Талай олимпиадада топ жарған түлектер қазірдің өзінде білім грантын жеңіп үлгеріпті.

«Біз жаспыз, Қазақстанның болашағы біздің қолымызда. Сондықтан менің ойымша, біз барлығымыз қолымыздан келгенше еліміздің дамуына үлкен үлес қосуымыз қажет. Сондықтан жоспарлар өте үлкен. «Алтын белгіге» үміткермін және заң факультетіне тапсырғалы отырмын. Алайда қазір мен Д.Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясына грантқа түсіп қойдым», - деді Алматы қаласы №148 мектеп-гимназияның түлегі Айдана МЕДЕУЛОВА.

«Өте қобалжу үстіндемін. Алдағы мақсатыма келетін болсам, қазір мен физика-математика пәнін таңдау үстіндемін. Астанадағы Еуразиялық университетіне түссем деген ойдамын», - деді Алматы қаласы №148 мектеп-гимназияның түлегі Алмат ЕРГЕШ.

Жас түлек үшін басты сынақ -  Ұлттық біріңғай тест.  Биыл Алматыда мектеп бітіріп жатқан 9 мың 156 баланың 7 мың 300-і  сынаққа қатысуға өтініш білдірген. Ал «Алтын белгіге» үміткерлер саны 514.

 

Айдана Мейрамбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров