Абайлаңыз, қарақұрт! Шымкентте аптап ыстық басталғалы бері улы жәндік шаққан 25 адам ауруханаға түскен. Олардың қатарында бес бала да бар. Қазір қарақұрт шаққан алты жастағы жеткіншек ауыр халде жансақтау бөлімінде жатыр.
Қарақұрттың құрбаны бола жаздағандардың бірі — Бағдат Үсенбаев. Оны далаға салынған төсекте жатқанда өрмекші шағып алыпты. Артынша қос иығы, кейін іші бүріп ауырған. Жедел жәрдем жеткенше есінен танып қалып, аурухана төсегінен бір-ақ шыққан.
«Есік алдындағы цементке киіз төсеп ұйықтап жүргенбіз. Бір қарасам төсегімде қарақұрт жыбырлап жүр екен. Бірден қызуым көтеріліп, белімнен төмен ауыра бастады.Тіпті жүре алмай қалдым. Дереу жедел жәрдем шақыртып, ауруханаға алып кетті», - дейді науқас Бағдат Үсенбаев.
Қазір қарақұрт шаққан 10 адам ауруханада емделіп жатыр. Арасында 6 жасар бала да бар. Балғын қазір жансақтау бөлімінде ем алуда. Ал соңғы екі аптаның ішінде мұндай диагнозбен 25 азамат ауруханаға түсіп, ем қабылдаған.
«Қарақұрт шаққандардың арасында өлім жағдайы тіркелмеді. Түскен кезде науқастардың шағымы белінің ауырғаны, жүрек тұсының қысуы, қатты терлеп, аяқ қолдары қақсайды. Көбіне улы жәндік түнгі уақытта шағып алған. Әсіресе жел тұрған күндері науқастар көбейеді», – деді токсикология бөлімінің меңгерушісі Асылхан Мыңбосынов.
Айта кетейік, көзге оңайлықпен көріне бермейтін шағын қара өрмекшілер адамды бірден шағады. Уы денеге арада бірер минут өткен соң таралып, адам қатты ауырсына бастайды. Бұдан кейін денесі тырысып, аяқ-қолдары істемей қалуы мүмкін.
Дәрігерлер жыл басынан бері осындай диагнозбен 25 адамның көмекке жүгінгенін айтады. Ал ыстық ауа райы енді басталып отырғанын ескерсек, әсіресе ашық далада абай болған жөн деп ескертеді мамандар. Өйткені ауруханаға түскендердің басым бөлігін улы жәндік ашық далада шағып алған.