Қазақстан Жазушылар одағына жаңа төраға сайланды. XV құрылтайға жиналған сақа қаламгерлер одақтың бұрынғы төрағаға қызметі үшін алғыс айтысып, бірауыздан басқа жетекші тағайындауды ұсынды. Жазушылар одағын жылдар бойы басқарған Нұрлан Оразалин келісімін берген соң, қаламгер қауым қара шаңырақты басқаруға ақын Ұлықбек Есдәулет лайық деп таныды. Жаңа басшы келмей жатып басшылық құрам да түгел өзгерді.
Көп алдына көсіле де, көтеріле де сөйлеуден есе жібермейтін қаламгерлердің құрылтайы айқау-шумен басталды. Одақтың жасыда, жасамысыда бар 700-ден астам мүшесінің ішінен мінберге шыққандар ширек ғасырға жуық уақытта кеткен кемшіліктерді кезек-кезек көлденең тарып, одақ төрағасы орнынан алыну керек деп шешті. Сынға сабырмен қарап, сыр бермей отырған Оразалин өз уақытында жасалған жұмыстарды тізіп, баяндамасын бітірді. Сөз бастайтын шешендердің шешіміне разы болмаған Ақұштап ақын залдағы жас буынды ағалардың ерсі әрекетерінен үлгі алмауға шақырды.
«Бағаламасаң - бағың кетеді, дейді қазақ. Қуана білмесең - құтың кетеді. Бағына білмеген - басшыға жарымайды», - деді ақын Ақұштап БАҚТЫГЕРЕЕВА.
«Бірін-бірі ұстап, түрмеге салған адамдардың ұрпағымыз біз. Одан құдай сақтасын. Енді немене. Бір-екі ауыз сын, қатты ескертпе айтқан адамдарды сонша бүлікшілік, сұмдық көретіндеріңіз. Айтысады, тартысады. Бір-бірін атайын деп жатқан жоқ қой. Енді соған төзіммен қарау керек», - деді ақын Темірхан МЕДЕТБЕК.
Төраға кетуге келісімін берген соң, іріктеліп алынған 150 жазушы дауыс берді. Одақты оңалтып, сөзі өтетін ордаға айналдыратын адам іздегенде тек бір ғана жанның кандидатурасы қаралды. Қаламгер Төлен Әбдік жазушылармен де, «жоғары жақпен де» жөнге келе алатын адам деп - ақын Ұлықбек Есдәулетті ұсынды.
«Ешкімнің ақысын жемейтін, бұра тартпайтын, адал, әділ төраға керек. Сондай адамды іздеп отырмыз ғой біз. Мынау өткен 22 жылда сондай адамға зәру болдық. Бұра тартпауға, өз маңайына өз адамдарын топтап алмауға, адал, бір таза адамды сайлайық. Көпшілікке қосылам. Ұлықбектің жақсы адам екеніне», - деді халық жазушысы Қабдеш ЖҰМАДІЛОВ.
Көк қағазды көтерген қаламгер қауымы бірауыздан Ұлықбек Есдәулеті қолдаған соң жаңа басшы өзінің төрт орынбасары мен хатшысын бірден сайлап алды. Рухани жаңғыру бағдарламасы аясында бөлініп жатқан қап-қап қаржыны қаламгерлер қауымына қарай келтіруге күш салам, деді.
«Үлкен жауапкершілік жүктеп тұр. Шынын айтқанда, қатты қуанарлықтай жағдайым жоқ. Иығыма түсіп тұрған ауыр жүктің салмағын сезіп тұрмын. Ендігі мақсат - Жазушылар одағының жағдайын түзету. Жазушыларға жағдай туғызу деген мәселелер, сонымен қоса қабат жүреді», - деді ҚР Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.
Жазушылар одағын ұзақ жыл басқарған, қиын сәтте одақтың мүлкін сақтап, том-том кітаптың шығуына ұйтқы болған, қаламақы төлеуге мүмкіндік туғызған Нұрлан Оразалинге құрылтайда құрмет көрсетіліп, шапан жабылды.
«Ал жаға жыртысқан жазушыларды жік-жіке бөлмей, татулыққа тартамын» деген жаңа басшы алғашқы қадамын алты айдан бері жалақы ала алмаған одақ қызметкерлерінің жағдайын жасаудан бастамақ.
Әмірболат Құсайынұлы, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы