Жансая Әбдімәлік 20 жасқа дейінгілер арасында шахматтан әлем чемпионы атанды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әлемдегі ең жас гроссмейстер атанған алматылық шахматшы Жансая Әбдімәлік Италияның Тарвизио қаласында өткен әлем чемпионатында бірінші орын иеленді. Төрткүл дүниенің әр қиырынан жиналған үздіктер бақ сынасқан жаһандық жарыста оза шапқан жерлесіміз туған жерге келді.

Италияның Тарвизио қаласында өткен әлем чемпионатына Жансая Әбдімәлік тек алтын аламын деп аттанған. Міне ол мақсатына қол жеткізді. Себебі бұған дейін мұндай жаһандық жарыста күміс пен қола иеленген. Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған үздік шахматшылар арасында 20 жасқа дейінгі жастар арасындағы сайыста оза шапқан жерлесімізді оның жақындары мен болашақ шахматшыларды дайындайтын ұйым жетекшілері әуежайдан күтіп алды.

«Енді бұл бірінші мәрте емес. Бірінші мәрте жылап тұрдық. Қазір енді кішкене-кішкене үйреніп келе жатырмыз. Енді жақсы болып, үлкеннің ішінен көрініп кетсе, өте жақсы. Атасының қуанышы сол. Бақытты болсын балалар», - деді  Жансая Әбдімәліктің атасы Шойынбек ТӨРЕБЕК.

Бірінші турда Жансая отандасымыз Назерке Нұрғалиді жеңді. Кейінгі кезеңде Армения, Үндістан, Украина, Моңғолия және Грузиядан келген шахматшылармен сәтті ойын өткізген.  Төртінші турда украиналық Юлия Осьмакпен тең ойнады. Алтыншы турда Қазақстан тумасы Бибісара Асаубаевадан басым түсті. Тек ресейлік шахматшы Анастасия Парамзинадан жеңіліп қалды. Ал Өзбекстан, Грекия және АҚШ шахматыларан артта қалдырды.  

«Италияның Тарвизио қаласында өткен сайыс қиын болды. Қарсыластарым осал емес. 11 турда 9,5 ұпай жинап, бірінші орынға қол жеткіздім», - деді  шахматтан төрт дүркін әлем чемпионы Жансая ӘБДІМӘЛІК.

Жансаяны ата-анасы шахматтан ересектер арасындағы додаларға 7 жасынан қатыстырыпты. Сол арқылы жастайынан жеткіншекті шыңдап, үлкен сайыстарға үйретуді көздеген.  

«Жансаяның анасының айтуынша, алғашында олар шахматқа ұлдарын қатыстырған. Алғашында ағасының жанында бәрін бақылап жүрген өскін кейін ойынға қызығып, өзі отырып бәрін жеңе бастаған. Сол кезде отбасыда жаңа жұлдыз жанды деп айтқан. Бүгінде отбасында ғана емес, еліміздің мақтанышына айналды», - деді Қазақстан шахмат федерациясының атқарушы директоры Ирина ГРИЩЕНКО.

Жансая желтоқсан айында әйелдер арасындағы рапид және блицта әлем чемпионатына қатыспақ. Сол жерде жүлделі орын алу үшін барымды саламын, дейді. Ойы өткір, жүрісі ұтқыр 17 жастағы 4 дүркін әлем чемпионының ендігі арманы әйелдер арасындағы әлем чемпионатында жеңіс тұғырынан көріну.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров