Астанада Сириядағы теке-тіресті шешуге қатысты кезекті процесс аяқталды. Осымен сегізінші рет өтіп отырған бетпе-бет кездесуде 3 мәселе қаралды. Яғни, жабық есік аясында өткен техникалық бос қосу кезінде қаза тапқандардың денесін қайтару, құрылған қауіпсіз аймақтардың жұмысы мен ЮНЕСКО-ға енген мәдени мұраларды сақтау тілге тиек етілді. Отырысқа кепіл мемлекет Ресей, Түркия, Иранмен қатар бақылаушы елдерден Иордания, АҚШ-ның мемлекеттік департаментінің бас маманы Ахмед Шама қатысты. Қарулы оппозиция өкілдері де қалыс қалмады. Сирия мәселесі бойынша БҰҰ бас хатшысының арнайы өкілі Стаффан де Мистура келіп жеткен.
Осымен 8-ші рет өтіп отырған процесс бейсенбі басталған болатын. Әдеттегідей жабық есік күйінде өтті. Белгілі болғаны, кепілгер мемлекеттер 7 раундта қозғаған, бірақ дәл сол кезде шешілмеген мәселелерді қайта көтерді. Яғни, бірнеше тараптар арасында өзара сенімді нығайту, оның ішінде тұтқында отырған азаматтармен алмасу, жоғалғандарды іздестіру және соғысты бейбіт жолмен тоқтату қадамдары тілге тиек етілген болатын. Бұл жолғы кездесуде де үш жақты тарап әрі қарай Сирия аумағын лаңкестік топтардан азат ету үшін келіссөздерді жалғастыратындарын атап өтті. Еліміздің Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов өз кезегінде жыл қорытындысына тоқталды.
«Қазір жүргізіліп отырған келіссөздер қорытынды жасап, алдағы уақыттың жоспарын білуге мүмкіндік бермек. Сириядағы қақтығысты тоқтату 12 айдың аралығында мүмкін болды. Мұның өзі үлкен жетістік. Әрине, бүгіндері Сирияның гуманитарлық жағдайы төмен болғанымен қауіпсіз аймақтардың құрылуы арқасында оңтайланып келе жатқаны рас. Шешілетін мәселе әлі де болса шаш етектен», - деді ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат ӘБДІРАХМАНОВ.
Жиын барысында Сирия Үкіметінің өкілі Башар ал - Джафари АҚШ мен Түрік әскерилерінің Сириядан шығуын талап етті. Оның айтуынша, бұл мәселені оңтайлы шешуге кедергі келтіріп отыр.
«Сирия аймағында Америка және Түрік әскерилерінің болуын біз басқыншылық деп танимыз. Осыған орай, біз осы екі әскери тараптың Сириядан кетуін талап етеміз.Бұл біздің нақты түбегейлі позициямыз», - деді Сирия Үкіметінің өкілі Башар ӘЛ-ДЖАФАРИ.
Айта кетейік, қыркүйек айында Астанадағы бас қосу барысында құрылған 4 қауіпсіз аймақты әрі қарай нығайту да назардан тыс қалмады. Белгілі болғандай, аталмыш елді-мекендерде бақылау бекеттерін құру қарқынды қолға алынған. Бірақ Түрік тарапы белгіленген мерзімнен кешеуілдеп келеді екен. Еске сала кетейін, 6 раундта өткен кездесу барысында Сирияның оңтүстігінде, шығыс Гутедегі Дамаскта, Хомса мен Ибдлиб аудандарында қауіпсіз аймақтар құрылған болатын.
Дәл осындай кездесу желтоқсан айының ортасында Женева қаласында өткен болатын. БҰҰ-мы бас хатшысының арнайы өкілі Стаффан де Мистура аталмыш қалада өткен 8 раундтың нәтижесіз болғанын жеткізген еді. Себебі, Сирия Үкіметі және оппозиция өкілдері ланкестік әрекеттермен күрестен өзге мәселелерге назар бөлмеген. Ал БҰҰ өкілдері Дамаскте әу баста қозғалған бейресми құжаттарды қайта ұсынған. Демек, онда Сирияның конституциялық процесстері мен сайлау жүйесін қамтитын 12 мәселе қамтылған.
Кезекті кездесуді үш тарап келер жылы қаңтардың 29-30 аралығында Ресейдің Сочи қаласында өтеді деп белгілепті. Сириялық ұлттық диалог конгресі өз кезегінде Женевада БҰҰ қамқорлығымен өтетін келіссөздер процесіне серпін беретін бастама ретінде қарастырып отыр. Келіссөздер жалғаса бермек. Яғни, келер жылдың ақпан айында Астана процесі қайта болуы ықтимал.