Алматы облысында төсекке таңылған жігіт балаларды шахматқа баулып жүр. Алексей Вершинин 8 жылдан бері интеллектуалды ойынды 120-дан аса оқушыға үйретіпті. Оның арасында ересектер де бар. Кішігірім көмір қоятын сарайды көпке пайдалы еткен мүгедектің клубында жылытатын пеш болмай, іші қақап тұр. Сондықтан ол дүйім жұрттың жағдайды реттеуге қолғабыс етуін сұрайды.
31 жастағы Алексей Вершинин осы уақытқа дейін өмірі үшін аямай күресіп келеді. Аты жаман кесапат туғанынан жабысып, тіпті дәрігерлер ем қонбайды деп ауруханадан сан мәрте шығарып тастыпты. Бірақ рухы өр жігіт ақ халаттылардың айтқан кесіміне көнбей, анасымен өздігінен әрекет ете бастаған. Алексей сирек кездесетін «аяқтардың парапарезі» дейтін дертіне шалдыққан. Тұқым қуалайтын ауру оны төсекке таңғанымен, ол шахмат мектебін ашып көпке үлгі болып жүр.
«Мен қандай жағдай болмасын өмір сүргім келеді. Ешқашанда өмірден түңілген кезім болған емес. Өмір сүру деген ол аз. Тірі жанға тіршілік жасап, пайдалы іс тындыру керек. Армандарды жүзеге асыруымыз тиіс. Бала кезімнен қиындықпен бірге қуаныштың да қатар жүретінін жадымнан шығарған емеспін. Ауыртпалықтардың барлығы уақытша өтеді де кетеді. Ал жетістік болса елдің есінде қалады», -деді Алексей ВЕРШИНИН.
Алексейдің ең кіші оқушысы 4 жаста болса, үлкені 42-де. Төсекке таңылған ұстаз балалардың тілін тез тауып кететінін айтады. Оның үстіне, ата-аналар да оны құрметтейді екен. Үйірмеге келушілер сабақтан қол босай сала Алексейге қарай асығады.
«Шахмат ойнау маған ұнайды. Менің Алексейге келгеніме жарты жылдан асты. Ұстазымыз бізге көмектессе, бізде оған септесеміз. Шахмат ойының сабақ оқығанда да пайдасы бар. Алексей ұрыспай, керек жерлерін жақсылап түсіндіреді», - деді Аня БОЙСТРИЧЕНКО.
Мүмкіндігі шектеулі ұлының өмірден түңілмей, қайта ынтасын байқаған анасы үйдің жанындағы көмір қоятын сарайды жөндеуден өткізіп, үйірме болатындай етіп берген. Зейнеткер жомарт жандар көмектескен.
«Пеш болмай, шахмат мектебінің іші суық болып тұр. Алексейден бастап балалар да ауырып қала ма деп қорқамын. Жылытқыш қосқандықтан, жарыққа қыруар ақша төлеп жүрміз. Айына алатын зейнетақымыздан шамамен 35 мың теңге кетеді. Егер газ қостырып, пеш алсақ жақсы болар еді», - деді Алексей Вершининнің анасы Наталья ВЕРШИНИНА.
Алексей ары қарай балалар психологиясын зерттеп, ораторлық өнерді шыңдауды, отбасын құруды көздеп отыр. Қазір олар шағын «мектебінде» пеші болмай, қиналып жүр. Вершининдердің есебінше, оған 200 мың теңгедей ақша керек. Мемлекеттен алатын көмекке ғана күнелтіп отырған олардың қаржысы жетпегендіктен, көптен көмек сұрайды.
Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы