|
23.08.2017 | 06:04
2908

Алматы облысында қарақшылар банкті тонап кетті

Алматы облысында қарақшылар банкті тонап кетті

Алматы облысында қарақшылар банкті тонап кетті. Олар қаржы мекемесінің төбесінен түскен. Айлакерлердің бұл әрекеті бейнебақылау камерасына жазылып қалыпты. Десе де полицейлер банкті үптеп кеткендерді әлі қолға түсірген жоқ. Қазір олар іздестірілуде.

Таңғы 9-дарда бетін тұмшалаған екі ер адам Талғардағы Каспи банктің бөлімшесіне осылай тұтқиылдан баса-көктеп түскен. Олар небары 2 минуттың ішінде банк қызметкерлерінің қол-аяғын байлап, кассадағы бар ақшаны қолды қылған. Сұғанақтар ойындағысын орындағасын, еш саспастан келген жолымен қайта шығып, іздерін суытқан.

«Біздің қызметкерлер зардап шеккен жоқ. Олар дер кезінде дабыл тетігін басып, құқық қорғау органдарына хабарласып үлгерген. Қазіргі кезде оқиға орнында құқық қорғау органдары қызметкерлері жұмыс істеуде және алынған қаражаттың көлемі анықталуда. «Каспи» банк әрқашан қауіпсіздікке жақсы мән береді және алдағы уақытта бұл оқиғадан кейін қауіпсіздік шаралары күшейтілетін болады», - деді банктің баспасөз хатшысы Ербол АЗАНБЕК.

Қарақшылық жасалған қаржы орталығының маңы толған сауда нүктелері. Барлығы бір-біріне жапсарласып салынған. Шатырлары да ортақ. Куәгерлер ұрылар ғимаратқа артқы жақтағы тесік шатырдан ебін тауып түсуі мүмкін, дейді. Әрі, олардың сөзінше, банкті тонағандар қап-қаражат әкелетін инкассаторлардың да келу уақытын жетік білген.

«9-дарда болды шамамен. Бір адам айқайлап шықты «ограбление, ограбление» деп. Дым ешкім түсінбей қалды не болғанын. Кейін полициялер келді, жедел жәрдем келді. Ит жетектеген адамдар келді, жан-жақты қарады», - деді облыс тұрғыны Парасат ТУЛЕПОВА.

«Инкассатор сағат 8-де келеді, күнде. Бүгін де сегізде келді.  Келіп ақшаны тастап кетті. Тонайтын террористер ана үстіден кірген», - деді облыс тұрғыны Нұрғали РАМАЗАН.

«Далада не болып жатқанын білмейсіңбе дейді, даладан келген адамдар. Не болды деп қарасам, бүкіл милиция барлығы жүр. Төбеге дейін милиция. Ал, не болды десем, тонапты дейді. Көрген білгенім сол менің», - деді облыс тұрғыны Күміс ЖҰМАНОВА.

Шабуыл жасалған банк сол күні қызмет көрсетпеді. Соның кесірінен тұрғындар бөлімше алдын есіктің ашылуын бірнеше сағат сарғайып күтті.

Қарақшылардың қармағына түскен банк қызметкерлері күндізгі сағат 4-ке дейін үзіліс жариялаған болатын. Алайда, кейін оның уақытын тағы да ұзартып үзілісті кешкі сағат 6-ға дейін созды. Қазір банктің есіктерінің барлығы тарс жабық, қазметкерлер бірде-бір жауап қатпай отыр.

Қазір жедел тергеу тобы құрылып, тәртіп сақшылары қарақшыларды іздестіріп жатыр. Олардың үстінен қылмыстық іс қозғалды.

Айдана Мейрамбайқызы, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир