Алматыда велоспорттан ел біріншілігі өтті

Алматыда велоспорттан ел біріншілігі өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда велоспорттан ел біріншілігі өтті. Тартысты сайысқа еліміздің әр өңірінен келген жүздеген спортшы қатысты. Олардың арасында «Астана» клубының кәсіби шабандоздары бар. Бәсекеде бәсі басым түскендер ұлттық құрамаға алынды. Енді олар жаңа маусымда ел намысын халықаралық додаларда қорғамақ.

Велоспорттан ел біріншілігі Алматыда осымен екінші мәрте өткізіліп отыр. Бірақ бұл жолғы жарыстың жөні бөлек. Ұйымдастырушылар шабандоздардың тапсырмасын мүлде қиындатып тастаған. Тегіс жолдың бұрылыстары көп, соқпақтары тағы бар. Осыған қарамастан кіл мықтыдан кім мықтыны анықтау үшін еліміздің әр аймағынан жүздеген спортшы келген. Олар жекелей де, топ болыпта сайысты. 

«Қашықтық - 184 шақырым. Бас-аяғы 16 айналым. Жол тегіс, бірақ бұрылыстар көп. Жарысқа қатысушылар дән риза. Олар өңшең мықтылармен сайысып жатыр»,- деді UCI комиссары, Юрий ПОРТНЯГИН. 

Бәсеке қызыққа толы өтті. Жалқы жүріп, топ жарғандар - командалық сайыста шалынып қалды. Ақыр аяғында бұл жарыста «Астана» велоклубының шабандоздары жеңімпаз атанды.  

«Бағым жанды. Қарсыластар мықты екен. Бірақ, олардан оза шабуға шамам келді. Ойға алғанымның барлығын орындадым. Өзіме көңілім толды»,- деді Велоспорттан Қазақстан чемпионы, ¤Артём ЗАХАРОВ.

Түрлі соқпақтан бөлек, спортшыларға аптап ыстықта сын болды. Еріндері кебірсіп, бойдан әл кетірген. Алайда, қиындыққа қарамастан, жарыс қатысушылары жақсы нәтиже көрсеткен.  

«Бүгінгі күн райы қолайлы болды. Өткендегі ыстықтан қиналғанымыз рас. Тіпті, себелеп жаңбыр жауды. Бұл бізге қосымша мүмкіндік берді»,- деді Велоспорттан Қазақстанның күміс жүлдегері, Әлішер ЖҰМАҚАН.

Жарыс қорытындысы бойынша, көзге көрінген спортышлар ұлттық құрамаға алынбақ. Сөйтіп, халықаралық сайыстарда ел атынан өнер көрсетеді.

«Біз отандық велоспорт тарихында алғаш рет Тур де Франсқа жігіттеріміздің тең жартысын қатыстырмақпыз. Ал, бұрын бірлі-екілі спортшы баратын. Қиын болары сөзсіз. Бірақ, біздің велоспорт даму үшін - тәуекелге бел буып, осындай қадамдарға барып отырмыз»,- деді «ASTANA» президенттік клубының атқарушы директоры, Аманбек КҮЛШІКОВ.

Әлем елдерінің назарын өзіне аудартқан әйгілі веложарыс - алдағы шілде айында басталады.

Дастан Сейілханұлы, Ернұр Досжанов, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров