Астана аймағына көлікпен кіру - енді ақылы болмақ. Биылдан бастап енгізілетін ереже тек сағат таңғы 7- ден 10-ға дейін ғана күшіне енеді. Алты бағыт бойынша, дәлірек айтсақ, Қостанай, Көкшетау, Павлодар, Қарағанды, Қосшы, Қорғалжын тас жолымен келе жатқан көлік жүргізушілерінің қалтасы қағылады. Көліктік кешеннің даму бағдарламасын бүгін әкімдікте талқылады. Экспо қарсаңында қаланың жол-көлік қозғалысы сөз етілді. Бас қалаға биыл қанша автобус әкелінетіні, жылы аялдамалардың жай-күйін шенділер күн тақырыбына шығарды.
Астанада былтырдан бері қоғамда қызу талқыға түскен жылы аялдамаларға қатысты тұрғындардың наразылығы басылмаған. Әсіресе әлеуметтік желі қолданушылары «аялдамалардың есіктері жабылмайды, ішінде жағымсыз иіс бар, қоқысқа толы» деп жиі шағым айтады. Ал нысанды тұрғызған компания өкілдері бұған тұрғындардың өздерін кінәлап отыр. Қазір қала ішінде 27 жылы аялдама бар. Әкімдікке қарасты компания 2017 жылы тағы 200-ін салуды жоспарлап отыр.
«Жылы аялдамалар Астананың климаттық жағдайына өте ыңғайлы. Әсіресе биылдан бастап автобустар сағат түнгі 23:30-ға дейін жүретін болады. Желден, суықтан, жазда аптап ыстықтан қорғайтын аялдамалар санын жыл сайын арттыруды көздеп отырмыз»,- деді «Астана LRT» ЖШС директоры, Рустам ХАЛИЛОВ.
Экспо басталғанша қаланың автобус қосынына 380 қоғамдық көлік қосылады. Бұл жалпы шаһар қозғалысын 22 пайызға үдетуге сеп болады. Көше-жол жүйесіне түскен салмақты сейілту үшін, қоғамдық көліктерге деген халықтың оң ықыласын ояту басты мақсат. Әрине жалпы бұқара бірден көліктерін тастап, автобустарға отырып кетпесі анық. Десе де жалпы жұртқа, көрме кезінде кептеліске тұнып тұрған көшелерде өз темір тұлпарларымен жүргенше, автобуспен қатынағаны тиімдірек болады.
«Бүгінгі таңда Астана қаласында автобустарды сатылап жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Ағымдағы жылдың мамыр айында 380 автобустың келуі күтілуде. Қоғамдық көлікке арналған жолдың ерекшеленген "Bus Lane" жолақтарын енгізу жұмыстары жалғасуда. Биыл қозғалыстың орташа жылдамдығын 22% үлкейтуге мүмкіндік беретін, жалпы ұзындығы 64,7 км құрайтын 24 жер телімін қосымша енгізу жоспарлануда»,- деді Астана қаласының әкімі, Әсет ИСЕКЕШЕВ.
Тағы бір басты жаңалық - Астана аймағына кіру енді ақылы болмақшы. Биылдан бастап күшіне енетін бұл ережеге сәйкес, таңғы сағат 7- ден 10-ға дейін Елордаға кірмекші болған әр адам белгілі бір жарна төлейді. Төлеу жасау әдістері де сан түрлі. Ұялы телефоныңыздан бірлік ретінде алынады, болмаса бірден жол бойында орнатылған терминалдар арқылы төлем жасайсыз. Әзірге өзге өңірден бас қалаға кіру құны бекітілмеген. Кептелісте кептеліп тұрмаудың сан әдісі қолданылуда. Жыл басынан бастап қос көше Шәкәрім Құдайбердіұлы мен Абылайхан көшелеріне бір жақты қозғалыс енгізіледі. Автобус жолақтары да көбеймекші. Қосымша 24 көшеде енді қоғамдық көлік емін-еркін өз жолағымен қатынай алады. Әкімдікке көбіне арыз-шағымдарын айтуға жасы үлкен қариялар жиналған. Барлығының бірауыздан айтары зейнеткерлерге жолақысының тегін болуы.
«Адам жақсы істеген соң, аяғына дейін жақсы істеуі тиіс. Менің бір сұрағым, мынау ардагерлер, зейнеткерлер қаланың маңайына тегін жүруге жағдай жасауларыңызды сұраймын»,-деді Астана қаласы ардагерлер кеңесінің төрағасы, Болат ТЕМІРБАЕВ.
Мектеп тасымалының жаңа жүйесі енгізілмекші. Бұл жаңашыл үрдіс биылдан бастап қолға алынады. Таңнан кешке дейін баласын үйден мектепке, содан соң түрлі үйірмелерге апарып басы қататын ата-аналардың мойнынан осылайша бір жүк түспекші. Енді мектеп тасымалының су жаңа маршруттік жүйесі құрастырылады. Алыс тұратын оқушыларды 45 автобус үйлеріне дейін апаратын болады.
Айжан Шамшидин, Бауыржан Қажақанов, «Алматы» телеарнасы, Астанадан