Мемлекеттен әлеуметтік қолдау мен көмек күтсең, онда салықтан жалтарма. Бұл туралы Қаржы министрлігінің алқалы жиынында Премьер-министрдің орынбасары Ерболат Досаев мәлімдеді. Оның айтуынша, қазіргі кезде өз бетінше нәпақасын тауып жүргендер билік назарында жоқ. Осыған орай, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы топтың көлеңкелі табысын анықтайтын жаңа жоба ұсынбақ.
«Өкінішке орай, жеке кәсіппен айналысып жүрген біраз тұрғындар біздің бақылаудан тысқары қалып отыр. Менің ойымша, әрбір заңды тұлға, елдің әрбір азаматы билік назарында болуы тиіс. Өйткені, аталмыш түйіткіл салыққа келіп тіреледі. Мемлекеттен әлеуметтік қолдау көрсетуді талап етсе, онда ел өміріне белсенді қатысып, салық төлеулері тиіс», - деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат ДОСАЕВ.
Мемлекеттік тапсырыстағы іс-әрекеттер ашық болуы қажет. Бұл да осы отырыста қозғалды. Ерболат Досаев аталмыш мақсатты іске асыру - Қаржы министрлігінің басты міндеті екенін атап өтті. Жергілікті билік өкілдерімен айтарлықтай байланыстың болмауы жемқорлықтың дендеуіне жол беріп отыр, дейді.
«Мемлекеттік тапсырыс бүгіндері Үкіметтің ең түйіткілді мәселесіне айналды. Сондықтан биыл осы мәселелерді шешуге жіті көңіл бөліну керек. Әрине, адамдардың ішінде аса дарындылары көп. Десе де, қиындықтар тумас үшін біз халықтан бір қадам алда жүруіміз қажет. Бизнеске кедергі жасамау, әрі бюджет қаржысын тиімді қолдану басты талап»,- деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ерболат ДОСАЕВ.