Наурызбай ауданының әкімі журналистерді жинап, алдағы жоспарларымен бөлісті

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының сүт кенжесі Наурызбай ауданының құрылғанына 1 айдан кейін тұп тура 3 жыл толады. Осыған орай аудан әкімі журналистерді жинап, атқарылған жұмыстар мен алдағы жоспарларымен бөлісті. Шара барысында 10 шақты нысанды аралатып, ауданның тыныс-тіршілігімен жақынырақ таныстырды. Белгілі болғандай, Наурызбай ауданында бой көтерген әкімшілік ғимараттар кешені 1 шілде күні ашылмақ.

¤Алдымен аудандағы наубайханалардың біріне ат басын бұрдық. Алматының сүт кенжесінің экономикадағы қарқыны қарымды. Салық түсімі 3 жылда 391 млн теңгеден 5 млрд теңгеге дейін көбейіпті. Мұның барлығын кәсіпкерлер Үкімет тарапынан жасалған жеңілдіктердің арқасы деп отыр. Аудандағы шешімін таппаған мәселелердің бірі - балабақшаның жоқтығы. Түйткілдің түйінін тарқатуға кәсіпкерлер септескен. 43 балабақшаның 41-і мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында салынған. Былтыр кезекте 1900 бала тұрса, биыл оның саны екі есеге қысқарыпты.

«Облыстан қосылғандықтан, ауданда балабақша тапшылығы анық байқалатын. Бірақ қазір жағдай мүлде бөлек. Біз барлық талаптарға сай келетін, заманауи балабақша салдық. Бір айлық құны 60 мың теңге. Ал «Балапан» бағдарламасы бойынша келген ата-аналар 40 мың теңге төлейді. Қазір 80 бала бар», - деді  балабақша меңгерушісі Әлия НАҚЫСБЕКОВА.

Жаңбыр жауса жандарын шүберекке түйіп отыратын наурызбайлықтар Қарғалы өзенінің қарқынан қорқатын. Енді бұдан былай өзеннің жанында тұратын Қарағайлы, Құрамыс, Таусамалы елді-мекеніндегі қауіп сейілмек. Оған қоса, 14 шақырым арық жүйесі салыныпты. Тағы 20 шақырым салу жоспарда бар. Ал Жандосов көшесін қиып өтетін Қарғалы өзенінің құрылысы биыл маусымның соңына дейін аяқталады.

«Осы уақытқа дейін өзекті мәселелер, өзіңіз айтқандай, Қарғалы өзені болатын. Қазіргі таңда бұл сұрақ толығымен шешілді. Қарғалы өзенінде жөндеу жұмыстарын жүргізіп, 7,7 шақырым бетонмен жөнделіп, көріктендіру жұмыстары жүріп жатыр. Қазіргі салынған Қарғалы өзенінің көлемі деген 27 текше метрді өткізеді секундына. Қазіргі таңда бұл ағып жатқан судың көлемі деген 0,5 текше метр су ағып жатыр. Үлкен селді өткізіп жіберетін мүмкіндігі бар», - деді  Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Тағы бір алаңдатқан мәселе - ауыз су тапшылығы.  Халықтың үштен бір бөлігі тіршілік нәрін орталық су жүйесінен алса, қалған 20 пайызы жеке ұңғымадан ішеді.

«Қазіргі таңда біздің ауданымыздан өтетін Қарғалы және Ақсай өзендерінің басында жаңадан фильтр станциясы жоспарлануда. Бұл жоба деген аяқталуда. Тағы да ауданымызда орналасқан 9 елді-мекенде су және кәріз жүйесін салу жобасы дайындалып жатыр. Бұның бәрі қазіргі кезде 90 пайызға аяқталып тұр», - деді Наурызбай ауданының әкімі Сайран САЙФЕДЕНОВ.

Ауданның жаңа әкімшілік ғимаратында көрдік. Ал, бұдан былай халық алысқа сабылмастан, бір ғана орталықтан барлық қызмет түрін ала алады. Мәселен, мына аумақта аудандық сот, халыққа қызмет көрсету орталығы, әкімдік және тағы сол сияқты нысандар орналасады. Қоныс тойын Наурызбай ауданының Ішкі істер бөлімі де тойлағалы отыр.

«Біз мына ескі ғимаратта отырмыз. Ол жерде 80 адамға арналған орын. Жаңа салынған ғимарат жаңа өмірдің ағымына байланысты барлық қызметтік талаптардың барлығына сай келеді. Өзіміздің автокөліктерге арналған тұрағымыз болады. Автожуғыш болады. Соның ішінде спорт кешені бар», - деді  Наурызбай аудандық IIБ басшысы Дәурен ӨТЕБАЕВ.

 3 жылда ауданды дамытуға, ғимараттар мен инфрақұрылым жүйесін салуға 44 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген. 3 млрд теңгеден астамы мемлекеттік жекеменшік серіктестік аясында берілген. Жаны жомарт жандар 1200 орынға арналған мектеп, ауысымына 500 адамды қабылдайтан емхананы сыйға тартыпты. Мектеп тамыз айында тапсырылады. Әзірге 27 аулада спорттық алаңқайлар ашылған.

 

Жадыра Омаржан, Мұрат Тайжан, «Алматы» телеарнасы 


Новости партнеров