НАТО ұйымының бақылаушылары «Дала қыраны» оқу-жаттығу шарасына өз бағаларын берді

НАТО ұйымының бақылаушылары «Дала қыраны» оқу-жаттығу шарасына өз бағаларын берді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы облысында содырлар сойқан салды. «Сарыой» ауылына аттанған арнайы жасаққа лаңкестер қапыда шабуыл жасап, салдарынан 1 жауынгерді жер жастандырды. Дәрігерлер оның өміріне араша түсе алмады. Көп ұзамай, сарбаздар мина жарған терористерді анықтап, оларға оқ атқан. Қарулы қақтығыс кезінде 3 лаңкестің де көзің жойылды.

Абырой болғанда ауыл адамдары дін-аман. Сарбаздар операция басталмас бұрын, тұрғындарды қауіпсіз аумаққа көшіріп үлгерді. Елді мекендегі үйлерді тінту кезінде қапыда мина жарылып, бір жауынгер қаза тапты. Тағы біреуі жараланған еді. Дәрігерлер оны жақын маңдағы ауруханалардың біріне алып кетті. Қауіп төндірген лаңкестердің 3-еуі де оқиға орнында қаза тапты. Олар осыған дейін құзырлы орынның назарында болған.

Лаңкестерді құзырлылар біраз уақыт іздеген. Кейін олардың «Сарыой» ауылында жасырынып жатқаны анықталыпты. Атыс кезінде арнайы жасақ бізді маңайға жуытпады. Бірақ біз мына кадрлердің барлығын алыстан түсіріп алдық. Оның үстіне, жауаптылар да сөзге тарттық. Олар бізге болған жайтты бүге-шүгесіне дейін айтып берді.

Сап түзеген сарбаздардың «Саройға» келгеніне ауыл тұрғындары қуана қойған жоқ. Олар бүлік шығарар деген оймен, жауынгерлерге қарсылық танытты. Бос бөтелкелерді лақтырып, таяқ сілтеді. Алайда бұл тірес бейбіт жолмен шешілді түбінде.    

Елді мекендегі тұрғындар қауіпсіз жерге жеткізіліп, олардың жарақат алғандарына медициналық көмек көрсетіліп жатыр. Қазір арнайы жасақ заманауи техниканың күшімен қарулы топты жоюға кірісті.

Лаңкестерді құрықтауға келген арнайы жасақ қапыда шабуылға тап болды. Содырлар мина жарып, салдарынан 1 сарбаз қаза тапты. Тағы біреуі ауыр жараланды. Дәрігерлер оған алғашқы көмек көрсетіп, ауруханаға алып кетті. Ал, қару асынған жауынгерлер оқ жаудырған лаңкестерге қырғидай тиді.    

Қарулы топ бастапқыда берілуден бас тартқан. Сөйтіп, арнайы жасақтың амалсыз оқ атуына тура келді. Кескілескен ұрыс кезінде 3 бірдей содырдың көзі жойылды. Осылайша, жауынгерлер үрейде болған адамдарды арам пиғылдылардан азат етті.  

«Қазақстан бітімгершілік батальоны, бізде, Иракта болған өзіміздің тәжірибеміз бар. Батальонда көптеген әскери қызметшілер және офицерлер Ирак елінде қызмет етіп, өзімізді сол жақтан жоғары деңгейде көрсете білдік», - деді  бітімгершілік оқу орталығының басшысы Бақытжан ЖЕТПІСОВ.

Шынтуайтында, бұл кезекті әскери оқу-жаттығу еді. Қазақстандық жауынгерлер осылайша шеберлік танытып, қарым-қабілеттерін көрсетті. Отандық сарбаздарға қырғыз және тәжік елдерінен келген әскерилер көмектесті. Олардың іс-әрекетін АҚШ, Ұлыбритания және НАТО ұйымынан келген бақылаушылар бағамдады.        

«Қазақстан өзінің бітімгершілік ботальонымен мақтана алады. Сарбаздардың дайындығы өте жақсы. Бағыттары айқын. Біз куә болған оқу-жаттығу жұмыстары жоғары деңгейде өтті. Біз Қазақстанды осы жолы НАТО-ның бірінші деңгейінде бағалайтын боламыз. Ал, екінші кезеңде тапсырмалар қиындатылады. Қазақ әскерлері осындай қарқынмен дайындалса, онда да жақсы нәтиже көрсетеді деп ойлаймын», - деді НАТО өкілі Ян ТОФТ.

«Дала қыраны» оқу-жаттығу шарасы елімізде дәстүрлі түрде өткізіліп тұрады. Ал биыл екі рет ұйымдастырылған. Көктемде болған шара кезінде де біздің сарбаздар жоғарғы дәрежеде өнер көрсеткен.

Өмір Әнуарбек, Қанат Кигізбаев, Алматы телеарнасы


Новости партнеров