Алматыда жолақысы 150 теңгеге көтерілуі мүмкін

Алматыда жолақысы 150 теңгеге көтерілуі мүмкін
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының қоғамдық көліктеріндегі жолақыны көтеру мәселесі әлі талқы үстінде. Жауаптылардың айтуынша, оңтайлы шешім қабылдауға уақыт қажет. Тасымал тарифін өсіру туралы шешім қабылданған күннің өзінде, жан-жақты мақұлдануы тиіс. Есте болса, өткен айда жолаушылар тасымалы қауымдастығы Алматы әкіміне ашық хат жолдап, қоғамдық көлікте жүру құнын 80 теңгеден бірден 150 теңгеге көтеру мәселесін көтерген болатын.

Жол ақысын 80 теңге көлемінде қалдыру тасымалдаушылардың шығынын жаппайды. Алматы қаласының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында тілшілердің сұрағына жауап берген Мақсұт Исахов осылай деп мәлімдеді. Оның айтуынша,тарифті көтеру  -  бұл күрделі әрі уақытты талап ететін мәселе. Жол ақысын 150 теңгеге көтеру туралы шешім қабылдаған күннің өзінде қоғамдық кеңестің, өңірлік кәсіпкерлер палатасының және жергілікті мәслихаттың келісімі қажет. Қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының келтірген мысалына сәйкес, инфляцияның әсерінен, жанар-жағармайдың, сондай-ақ көліктер бағасының қымбаттауынан тарифті көтеру туралы шешім Алматыда соңғы рет 2012 жылы қабылданған.

«Жолаушылар тасымалдайтын мекемелермен тікелей жұмыс істейтін адам ретінде айтарым, 80 теңге олардың шығынын ақтамайды. 2012 жылдан бері, алты жыл аралығында жанар-жағармай бағасы өсті, автобустар мен олардың бөлшектерінің бағасы қымбаттады. Тарифті көтеру де сол уақытта қолға алынып, 50 теңгеден 80 теңгеге қымбаттады. Ал өзге өңірлерде бұл бірнеше рет қайталанған құбылыс. Сондықтан бұл мәселе әлі толық шешемін тапқан жоқ және бұл менің жеке құзырымда емес»,-деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мақсұт ИСАХОВ.

Алматының көлік инфрақұрылымын дамыту қашанда өзекті мәселелердің бірі. Тұрғындарды қоғамдық көлікке көшіріп, көшелерді қаладағы 800 мың көліктен босату әрі экожүйені жақсартуға деген бетбұрыс «халық үшін жайлы қала» концепциясына сай. Енді көлік паркі ескі, бәсекелестікке қабілеті төмен тасымалдаушы компаниялар нарықтан шеттетілмек.

«Жекеменшік тасымалдаушылардың санын азайту бойынша жұмыстарды атқарып жатырмыз. Өйткені, нарықта тек бәсекеге қабілетті компанияларды көргіміз келеді. Өкінішке орай, бізде базасы, қызмет көрсету куәлігі жоқ, қосымша күшті жалдап бағытқа шығып жүрген тасымалдаушылар бар. 2016 жылы 20 тасымалдаушы болса, 2017 жылы 17, ал биыл оның санын 15-ке жеткізуді көздеп отырмыз»,-деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ.

Енді автобомобиль жолдарының ахуалына тоқтала кетсек. Биыл Алматыда тоқсанға жуық көше жаңа кейіпке енеді. Жароков, Зорге, Марков, Мұстафин, Гагарин, Мақатаев көшелеріне, Солтүстік айналма жолға, сондай-ақ Абай, Назарбаев даңғылдарына, басқа да ірілі-ұсақ көшелерге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмек. Сонымен қатар, жол айрықтарының құрылысы да жалғады. Айта кетейік, өткен жылы 184 шақырымды құрайтын қала көшелері күрделі жөндеуден өткен.

«Жалпы ұзындығы 147 шақырымды құрайтын 141 көшеге орташа жөндеу өткіздік. Біз 6 көпірдің және де Байтұрсынов көшесіне күрделі жөндеу өткіздік. Жандосов көшесіндегі жұмыстарды әрі қарай жалғастырып жатырмыз. Әртүрлі деңгейдегі құрылысты қамтитын 184 шақырымды құрайтын көшелерді жөндеуден өткіздік. Бұл бұрын болмаған жағдай. Бұл рекордтық көрсеткіш десеу болады»,-деді Алматы қаласы жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы, Мақсұт ИСАХОВ.

Ал тасымалдаушылар «Оңай» операторын сотқа бермекші. Жолаушылар көлігі басқармасының жетекшісі Мақсұт Исаховтың айтуынша, екі автопарк электронды билет жүйесіндегі ақауға байланысты сотқа арыздарын дайындап жатқан көрінеді. Тасымалдаушылар сол ақаулардан қыруар шығынға батқан-мыс, әйтсе де Алматы қаласы Транспорт холдингі таратқан мәлімдемеге сүйенсек, сараланған тариф енгізілгеннен кейін қоғамдық көліктердегі оңай терминалдарын қасақана бұзу деректері жиілеген. Жалпы, 304 терминал жарамсыз болып қалған. Дегенмен, сараланған тарифтің игілігі қала қазынасына тиіп отыр: былтыр "Оңай" жүйесінен түскен түсімнің 23 пайызы көлеңкелі айналымнан шығарылыпты. Ал жолаушылар саны 2016 жылмен салыстырғанда 10 пайызға немесе 1 миллиан адамға артқан.

Азамат Әуезхан, Әсет Құндақбаев, «Алматы» телеарнасы  


Новости партнеров