Алматыда өртенген №1 балалар үйі толықтай қалыпқа келтірілді. Тілсіз жау жалмаған бүлдіршіндердің бөлмелері күрделі жөндеуден өтіп, жаңа жиһаздармен жабдықталды. Қазір балалар үйінің тәрбиеленушілері Тәуелсіздіктің жиырма бес жылдығы мен жаңа жылды тойлауға қызу дайындалу үстінде. Ал, өрт тұтанғанда тілсіз жаудан өз беттерінше сақтанбақ болып, терезеден секіріп кеткен балалардың жағдайы қалыпты. Олар сол күнгі бастан кешкен жайтты біздің арна тілшілеріне айтып берді.
«Маған ол жерде ауа жетпеді, шыға алмай қалдым, қорыққанымнан терезеден секріп кеттім. Қорықтым, бірақ секірдім. Басқа балалар шығып кеткен болатын, мен ұйқымды қимай тұра алмай қалдым. Оянып қалсам өрт болып жатыр екен», - деді Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Илья ФРОЛОВ.
«Сол күнгі өрт әлі күнге көз алдымда. Көзімді ашсам, қою түтін шығып жатыр екен. Дереу айқайлап қасымда жатқан қыздарды ояттым. Бөлмеден шығуға талпындық, бірақ тура алдында қатты өрт болып жатты. Содан терезеге келіп айқайлап, дабыл қақтық», - деді Алматы облыстық №1 балалар үйінің тәрбиеленушісі Зарина НАГИМЖАНОВА.
Еске сала кетсек, 22 қараша күні тілсіз жау балалар үйін құрсауға алып, бөлмелерде жатқан бүлдіршіндердің сыртқа шығуына бөгет болған еді. Оқиға кезінде балалар үйінің 361 тәрбиеленушісі қауіпсіз жерге көшірілді. Ал, өрттің неден шыққаны әлі күнге анықталған жоқ. Тек сымдардың қысқа тұйықталуынан болуы мүмкін деген болжам ғана бар.