Алматы автобустарына валидатор орнатылмайды

17.09.2018 22:01

Алматы автобустарында валидаторлар орнатылмайды. Өйткені, қоғамдық көлікте жүргізушімен есеп айырысатын жолаушылар саны сиреп келеді. Жолаушылардың тек 2 пайызы жолақысын қолма-қол төлесе, 97 пайызы «Оңай» картасын қолданады. Сондықтан, қоғамдық көліктерде қосымша валидатор қоюға қажеттілік жоқ дейді Алматының көлік холдингіндегілер.

Бүгін бірқатар БАҚ қаладағы автобустарға 2019 жылы валидаторлар қайта орнатылады деген ақпар жариялаған болатын. Тіпті, қоғамдық көліктер ұшырайтын жол апаттарының 90 пайызы жүргізушінің жолаушыдан төлем қабылдауы кезінде болатынын жазған. Алайда, Көлік холдингі бұл ақпараттың да жаңсақ екенін мәлімдеп отыр.

«Қоғамдық көліктерге валидаторлар қайта орнатылады деген ақпарат жалған. Кезінде, жолақы төлемі «Оңай» картасы арқылы және ақшалай жасалған уақытта, жолаушылардың 45 пайызы ақыны жүргізушіге беретін. Кейін сараланған тариф енгізіліп, қолма-қол төлем құны қымбаттады. Осы тұста тұрғындар жаппай «Оңай» картасына көшті. Қазір бір қоғамдық көлікте күніне 10-15 адам ғана жол ақысын жүргізушіге берсе, 97 пайызы картамен есептеседі. Сондықтан бізге валидатор қоюға қажеттілік жоқ. Валидатор орнату қосымша шығын әрі автобус желілеріне қосымша жүктеме болады», – деді «Алматы қаласы Көлік холдингі» ЖШС директоры Садир ХАМРАЕВ.

Холдинг есебі бойынша, қоғамдық көліктерде төлем картасы енгізілгелі бері көлеңкелі ақша айналымы жойылған. Мәселен, қолма-қол төлем кезінде тасымалдаушы компаниялар бір айлық табысын 800 миллион теңгемен шектепті. Ал электронды билет жүйесі енгізілгелі табыс еселене түсіп, олардың ай сайынғы табысы 1,5 миллирдқа жететіні белгілі болған. Қазір қоғамдық көліктерден ай сайын 2 млрд теңге түседі. Сондықтан «Оңай» картасын қолданушылардың санын бұдан ары көбейту көзделіпті. Сондай-ақ, қолма-қол төлемді түбегейлі тоқтатып,  жүргізушіден жүктемені алу үшін төлем жасаудың жаңа әдісін де іске асырмақ.

«Біз жыл соңына дейін жол ақысын СМС арқылы төлеу жүйесін енгіземіз. Оған Қазақстанның барлық ұялы байланыс операторлары қатысады. Егер жолаушы картасын ұмытып кетсе, жол ақысын жүргізушіге төлемей, СМС-пен өтесе болады. Ол үшін арнайы бірыңғай нөмір құрылады. Ол нөмірге «Оңай» терминалында жазылған қоғамдық көліктің кодын жібересіз. Бірден жолақысы төленіп, сізге хабарлама келеді», – деді Садир ХАМРАЕВ.