Рельстен шығып кеткен пойыздың барлық 832 жолаушысы Шу стансысына жеткізілді. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі «Қазақстан темір жолы» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
832 жолаушының 200-і алған билеттеріне сәйкес Шу стансысында түсіп қалған. 488 жолаушы Алматы қаласына жөнелтілсе, қалғандары теміржол көлігімен жеткізіп тастау ұсынысынан бас тартып, белгіленген пункттерге автокөліктермен өз беттерімен кеткен.
«ҚТЖ» ҰК» АҚ жедел штабының ақпаратына сәйкес, №10 жолаушылар пойызы вагондарының рельстен шығып кетуі салдарынан 14 адам зардап шекті. Қазіргі уақытта үш адам - Шу аудандық ауруханасында, ал 11-і Шу қалалық ауруханасында жатыр.
«Астанадан Алматыға кетіп бара жатқан №10 пойыздың вагондары Крюков және Тверь вагон құрастыру зауыттарынан 2012-2014 жылдары шыққан. Вагондар талап етілетін технологиялық зерттеулерден өткен, нормативті-техникалық құжаттамаларға сәйкес келеді.
Нормативті-техникалық талаптарға сәйкес, №10 пойыздың вагондары рейсалды техникалық қызмет көрсетуден өткен.
Темір жолдарды техникалық регламент бойынша тексеру жұмыстары айына екі мәрте жүргізіледі. Жолөлшеуіш вагондардың жолдаы соңғы рет 2018 жылдың 6 маусымында өлшенген. Кемшіліктер анықталмаған», - делінген ҚТЖ ақпаратында.
«Алматы-1» вокзалында көмек көрсету үшін жағдай жасалып отыр. Нақтырақ айтқанда, №10 пойыздың жолаушыларына медициналық қызмет көрсету, қосымша ақпараттық-анықтамалық аумақта теміржол билеттерінің құнын қайтару бойынша кеңес беру қарастырылған.
Билеттің құнын қайтаруға қатысты барлық сұрақтар бойынша «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ға 8(7172) 600-244; 933-617 нөміріне хабарласуға (Астана қаласы) болады.
«НСК» АҚ сақтандыру компаниясынан шығынды өтеу мәселесі бойынша сағат 20:00-ге дейін 8(7172) 600-235; 600-128 нөміріне қоңырау шалу керек. Еске сала кетсек, Астанадан Алматыға бара жатқан жолаушылар пойызы апатқа ұшыраған болатын.
Сәл кейін «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы «Астана-Алматы» бағытында қатынайтын пойыздың апатқа ұшырауына қатысты ресми мәлімдеме жасап, оқиғаның шығу себебін тексеретін арнайы комииссия құрылғанын жария еткен еді.