Солтүстік Қазақстан облысының Архангель ауылында ірі қара малда бруцеллез ауруының пайда болуына байланысты карантин жарияланды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Ветеринария басқармасы жетекшісінің міндетін атқарушы Берік Әлжанов осы жағдайға қатысты пікір білдірді.
Оның айтуынша, ауылда эпизоотияға қарсы республикалық жасақ жұмыс жасап жатыр. Арнайы қызметкерлер әр 15-20 күн сайын диагностикалық зерттеулер жүргізеді. Ауру малдарды анықтаған соң оларды оқшаулап, санитарлық мақсатта союға тапсырады. Бюджеттен жалпы мал бағасының 30 пайызы ғана төленеді, қалғаны – ет өңдеуші кәсіпорынның мойнында екен.
«Жеке секторда бруцеллезге шалдыққан 26 бас мал белгілі болды. Барлығы санитарлық мақсаттағы соғымға өткізілді. Былтырдан бері жеке кәсіпкердің меншігінде болған. Шамамен, он рет қан алынды. Қазір ол алпысқа жуық бар ірі қарасын соғымға өткізіп жатыр. Тергеу жүргізілді, себебін әлі анықтау үстіндеміз. Шаруа қожалығы малды өзге қожалықтардан ветеринарлық қызметке ескертпей сатып алған», – деді Б. Әлжанов.
Сондай-ақ, ветеринарлық қызмет өкілдері елді мекендерден сүттің шығарылмауын қадағалап отыр. Шектеу қойылған уақыттан бастап сүтті тамаққа қосуға және шығаруға тыйым салынды. Тек жануарларға жем ретінде қайнатып бергеннен кейін ғана пайдалануға болады.
Қызылжар ауданының Якорь ауылында да жаппай мал қырылып жатыр. Оған себеп малдың улануы деп болжануда. Өңірде 12 бас ұсақ қара және 6 бас ірі қара мал зардап шеккен.
Айыртау ауданына қарасты Елецкое ауылында құстардан шыққан Ньюкасл ауруына байланысты карантин жарияланды. 500 мал басы қырылған. Б. Әлжановтың айтуынша, қазіргі таңда мал өлімі тоқтаған. Өңірде зарарсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, 1,5 мың құсқа вирусқа қарсы екпе салынып үлгерді.