Қырғыздағы әуе апатынан қаза тапқандардың саны 38-ге жетті

18.01.2017 16:00

Қырғыз Республикасындағы әуе апатынан қаза тапқандардың саны төрт экипаж мүшесін қосқан кезде 38-ге жетті. Бұл жайлы апат орнында мемлекеттің бірінші вице премьер-министрі Мұхамметкалый Абулгазиев мәлім етті. Оған қоса, билік өкілі зардап шеккен отбасыларға материалдық көмек ретінде ел президентінің бұйрығымен 100 мың сомнан, премьер-министрдің пәрменімен 70 мың сомнан беріледі деді. Бүгінде шаңырағынан айырылған 11 отбасы туыстарының  үйін паналауда. Зардап шеккендерге азық-түлік пен киім-кешектерді қажетті көлемде жинағандықтан керек-жарақты жинау тоқталғаны жарияланды. Алайда, қайтыс болғандардың жаназасына әлі де азық-түлік әкелушілер саны жетерлік.  Ал, қаржылай көмек көрсетемін дегендерге елдің Төтенше Жағдайлар Министрлігі арнайы ашқан шотқа ақша аударуға болады. Бірінші вице-премьер апатқа ұшқыштар кінәлі болуы мүмкін деді. Төтенше Жағдайлар Министрі ұшақ қону кезінде тұман қалың болмағанын мәлімдеді. Еске сала кетейік, күні кеше Бішкек қаласы әуежайының маңында «ACT Airlines» Түрік әуе тасымалдаушысының экипажы басқарған Turkish Airlines компаниясынан жалға алған Боинг 747-400 жүк ұшағы сол маңдағы саяжайдың үстіне құлаған еді. Ұшақ Гонконгтен Ыстамбұлға барар жолда Бішкекте жанар-жағармайын толтыруды көздеген. Апат 16 қаңтар Бішкек уақытымен шамамен таңғы 7:31-де орын алды.