Алматыда ТМД елдерінде баламасы жоқ жоғары технологиялы жаңа зауыт салынды. Ол мегаполистің Индустриалды аймағында «Алматының 50 жобалар-драйверлері» бастамасы аясында іске асып отыр.
«Tokyo Rope» инновациялық зауытының құрылысы бір жыл бұрын басталған. Бұған дейін елімізде таулардың беткейлерін нығайтатын, арналар мен бөгеттерді қалпына келтіретін өнімдерді Жапониядан әкелетін болса, енді бұл өнімдер Алматы қаласының индустриалды аймағында өндірілетін болады. Қала басшысы Бауыржан Байбек жоғары технологиялы зауыттың Елбасының шетелдік инвестицияны тарту және республика аймағында инновациялық өндіріс құру жөніндегі тапсырмасы аясында ашылғанын атап өтті.
Жаңа кәсіпорын бұрғылайтын анкерлер, жоғары төзімді металл арқандар, тау және карьерлерде қолданылатын болат торлар шығарады. Мұнда техникалық параметрі жағынан өте құнды жабдықтар орнатылған. Зауыттың қуаты жоғары. Жылына 17 мың тоннадан астам болат өнімдерін шығарады. Енді Алматы барлық өңірлерге озық жапон технологиясын тарататын нүкте болды,-деп атап өтті Шигето Танака.
«2016 жылы жобаның алғашқы фазасы жүзеге асып,«Tokyo Rope Almaty» зауытының өнімдері ТМД елдері мен Парсы шығанағында, соның ішінде Сауд Арабиясының ірі жобаларында қолданыла бастады. Алматы зауытының шағын өнімдері Есентай өзені жағалауының, Үлкен Алматы өзеніне дейінгі автожолдардың, Медеу- Шымбұлақ аспалы жолы мен «Мыңжылқы» платинасының беріктігін арттыру үшін пайдаланылды. Мен бүгінгі бірігіп атқарылған жұмыстың арқасында Қазақстанға жапондық инвестицияның жаңа легі келеді деп сенемін»,-деді «Tokyo Rope manufacturing» директорлар кеңесінің төрағасы Шигето ТАНАКА.
Жапондық компанияның құрылғанына 130 жылдан асқан. Және ол болат арқандарын шығаруда әлемдегі жетекші компания болып табылады. «Tokyo Rope» селге, тас, лай көшкіндеріне қарсы тұратын жабдықтар мен құрылғылар да шығарады. Жапон фирмасының болат арқандары әлемдегі 20 ірі көпірдің 12-сінің құрылысында қолданылды. Бұлардан өзге компания жылдам жүретін жедел сатылар мен инженерлік қорғаныс өндірісі үшін жоғары сапалы арқандар шығарумен де танымал.
«Біз бүгін технологиялы жаңа зауыттың ашылуында болдық. Таулардың беткейлерін нығайтып, арналар мен бөгеттерді қалпына келтіретін өнімдерді шығаратын бұл зауыт Алматы үшін де өте маңызды. Осы компания одан әрі дамиды деп сенеміз»,-деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Алмас МӘДИЕВ.
«Алматы зауытының өнімдерін қолданушылар мұнда ғана емес, Тәжікстанда да, Ресейде де Сауд Арабиясындағы ірі жобаны жүзеге асыруда. Менің ойымша, Токиодағы итальяндық кәсіпорынның ашылуы Алматыда жапон кәсіпорындарының көп болуына септігін тигізеді»,-деді «Tokyo rope manufacturing» директорлар кеңесінің төрағасы Шигето ТАНАКА.
Жалпы, Алматының Индустриалды аймағында қазіргі кезде құрылыс, фармацевтика, химия, тамақ және жеңіл өнеркәсібі салалары бойынша 40-тан астам ірі отандық және шетелдік жоба жүзеге асуда. Биылдың өзінде 9 жаңа жобаны енгізу жоспарланған.
Тоғжан Аман, Мұрат Тайжан, Алматы телеарнасы.