Қазақстан халқының бірлігі күні 500 домбырашы Құрманғазының күйін орындайды

01.05.2018 18:15

Астанадағы «Қазақ елі» монументі алдында театрландырылған қойылым халыққа көтеріңкі көңіл-күй сыйласа, «Бәйтерекке» жиналған қауым 500-ге жуық домбырашының өнеріне тәнті болуда. Елордалық әріптесіміз Назым Мәлікқызы дәл қазір сол мерекелік шарадан тікелей байланысқа шығуға дайын.

Қазақ қашанда тойдан кенде болған емес. Қасиетті Наурыз мерекесінің артын жалғаған бүгінгі Қазақстан халқының бірлігі мерекесін елордалықтар асыға күткен сыңайлы. Таңғы 8-ден бастап, төрт қабырғаға сыймаған жұрт қаладағы екі үлкен орталыққа жиналды. «Қазақ елі» монументі алдында сағат 11.00-ден басталған мерекелік шараға Елорданың барлық мәдени орталықтары, отандық эстрада жұлдыздары ат салысып, көтеріңкі көңіл-күй сыйлауда. Айта кетейін, мерекенің ашылу салтанатына  Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, қазақстандықтарға жылы лебізін білдірді.

«Баршаларыңызды шын жүрегімнен өз атымнан, Парламент және Үкімет атынан бүгінгі мерекеміз – Қазақстан халқының бірлігі мейрамымен құттықтаймын. Ата-бабамыздан қалған «бірлік бар жерде - тірлік бар» деген сөз бар. «Тірлік» деген сөз – адамның аман болуы, «тірлік» деген сөз – еңбек. Еңбек арқылы байып, еңбек арқылы мемлекетті қолдап, өркендеп, өсу деген сөз», - деді Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ.

Биылғы мерекелік шаралар легі сәуірдің 28, 29, 30-ынан бастау алды. Әрі, Астананың 20 жылдық мерейтойына басымдық берілгені байқалады. Қаланың мәдени ошақтарында спектакльдер мен концерт үзілген жоқ. Бүгін қала тұрғындары алғаш рет «Қазақ елі» монументі алдында «Рухани жаңғыру - бірлік пен тұтастық негізі» атты театрландырылған қойылымды тамашалады. Бұдан бөлек, алаңда қазақтың ұлттық ойындары ұйымдастырылып, оған еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін қатысуда.

Дәл қазір «Бәйтеректің» алдында жиналған халықтың саны да аз емес. Осы сәтте «Достық шеруі» атты велошеру саламатты өмір салтын ұстанатын топтың басын қосқан.  Сонымен қатар, бірнеше сағаттан кейін «Бәйтеректе» домбырашылардан құралған өнерпаздар өнер көрсетеді. Жалпы қиын-қыстау заманда түрлі ұлт пен ұлысқа пана болған Қазақ еліне барлығының айтар алғысы шексіз. Қазақтың шаңырағын қашанда құрмет тұтатындарын жеткізді.