"Алматы" телеарнасының журналистері марапатталды

20.12.2016 14:36

Төгілген тер - толықтай ақталды. Алматыда өз саласында озат танылып жүрген бір топ белсенді, «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапатталды. Арасында дін өкілдері, қоғамдық бірлестік басшылары мен қаламды қару еткен тілшілер қауымы да бар. Салтанатты шарада «Алматы» телеарнасының бірнеше қызметкері де көптен үздік көрінді. Бір терінің пұшпағын илеп жүрген әріптестерімізді алғаш болып құттықтаған Дастан Сейілханұлының бейнематериалына назар салыңыздар.


Жолындағысын жайпап-жапырған қызыл жалынға да, толассыз жауған нөсерге де, табанды тілгілеген тау-тасқа да қарамай, тың материал үшін жанын салған әріптес бұл Ильзат Акчурин «Алматы» телеарнасында біраз жылдан бері талмай еңбек етіп келеді. Қызметіне тиянақты, ісіне адал. Қажырлы қабілетіне өз ортасы тіптен тәнті. 


Еңбексүйгіш тілшінің ерен ісін қала басшылығы да жоғары бағалап, журналистті «Тәуелсіздіктің 25 жылдығы» мерейтойлық медалімен марапттады. Кеудесіне тағылған бұл төсбелгіні - Ильзат Акчурин үлкен жауапкершлік пен селкеусіз сенімге теңейді. Оның құны - атанға артылар жүктен еш кем емес деген ойда.


«Алғаш рет осы салаға келгенімде мен марапатқа ие боламын деп ойлаған жоқпын. Бастысы - ел үшін, халық үшін жұмыс істедік. Марапат - мен үшін артылған үлкен сенім. Біздің жұмысты бағалағандары үшін өте қуаныштымын»,- деді Ильзат АКЧУРИН.        


Тілшілердің тың ақпаратын көзі қарақты көрерменге жедел жеткізуге септесетіндердің бірі - дыбыс режиссерлары. Машақатты жұмыстары  көпшілікке көріне бермесе де, қам қылудан олар қаймыққан емес. Монтаждалған материалды түрлі дыбыстармен әрлеп, көркіне ажар қосады. 


Серік Қасеновтың «Алматы» арнасында қызмет етіп жүргеніне - 15 жылға жуықтаған. Осы аралықта талай материалдың сәтті шығуына өз үлесін қосты. Әлі де талмай еңбек етуден тартынбақ емес. Өйткені, дыбысты ойнату - ол да өнер.


«Біздің еңбегімізді елеп, ескеріп жүрген азаматтанрға үлкен алғыс айтқым келеді. Бұл марапат - тек жалғыз адамның ғана емес, бүкіл ұжымның, "Алматы" телеарнасына ортақ марапат деп ойлаймын»,- деді Дыбыс режиссер, Серік ҚАСЕНОВ.


Салтантты шарада қала басшылығы тарапынан марапатқа ие болғандардың арасында - Виктор Глуценко да бар. Қаламы қарымды журналист ұзақ жылдан бері редакторлық қызметте. Қазір «Алматы» арнасының ресми сайтын дамытуға ат салысып жүр. Тіс қаққан маман - жас журналистерге ақыл-кеңес беруден шалдыққан емес. 

Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында шенділердің қолынан мерекелік төсбелгі алғандардың арасында тілшілерден өзге, дін өкілдері, қоғамдық бірлестік басшылары мен кәсіпкерлер бар. Қала басшылығы өз ісінде озат танылып жүргендерді назардан тыс қалдырмақ емес. Бастысы - артылған сенім ақтаусыз қалмауы керек.