Алматылық робот жасаушы оқушылар үздіктер қатарында

Алматылық робот жасаушы оқушылар үздіктер қатарында
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматылық робот жасаушы оқушылар үздіктер қатарында. Олар 160-тан аса мемлекеттің командасы қатысқан тартысты сайыста 8-ші орынды иеленген. Вашингтонда ұйымдастырылған олимпиада биыл Жер шарындағы ауыз су тапшылығы мәселесін шешуге бағытталыпты. Қазақстандық команданың бұл жарыста қалай үздік атанғанын әріптесім Перизат Көмекбайқызы біледі.

- Перизат, алматылық оқушылар қазылар алқасын қандай роботпен таңқалдырды? Ол несімен өзгеше?

- Әуелі, олар өте жылдам. Қысқа аралықта шеңбер тәріздес заттарды көп қылып жинай алады. Одан кейін, түс ажырата алатын қабілеті бар. Салмағы небәрі 8 ғана келі. Соның өзінде ауыр заттарды көтеруге қауқарлы. Мына кадрлерде құлтемір - құрастырылмаған күйінде. Оқушылар олимпиададан оралғаннан кейін, оларды қайта бөлшектеп қойыпты. Құлтемірді құрастырушылардың айтуынша, Алпамыс атты роботты жинауға шамамен 3 айдай уақыт кеткен екен.

- Түсінікті, алдағы уақытта алматылық өнертапқыштар бізді несімен қуантпақ?

- Олар енді Ұлыбритания мен Қытай елдерінде өтетін осы тектес жарыста бақ сынауға бекініп отыр. Келесі жылы Америкаға қайта барып, көптен озат көрінеміз деген жоспарлары да бар. Олимпиададан оралған оқушылар қазірден бастап сол сайыстарға дайындықты бастап кетті.

- Жақсы, ендеше әзірлеген материалыңа зер салайық.        

Вашингтонда өткен сайысқа алматылық оқушылар өз роботын осы зертханада құрастырған. Бәйгеге сәуір айынан дайындала бастапты. 3 ай тынбай еңбектеніп, Алпамыс атты құлтемірді ойлап шығарған.

Жарыс өткізуші мемлекет сайысқа қатысушы командаларға осындай қорапта жиынтық жіберген. Қазақстандық топ Алпамыс атты 8 келілік роботты осы бөлшектен құрастырған. Вашингтонға оны жинап алып барса, қайтқан кезде бөлшектеп алып келуге тура келген. Себебі оны тасымалдау үшін кемінде 500 АҚШ доллары қажет екен.

Сайыста оқушылар робот құрастырып қана қоймай, оны басқара білуі керек. Қатысушылар 6 командаға бөлінді. Екі жарым минут ішінде 6 түрлі мемлекеттің жасөсіпірімдері жасаған 6 робот бірлесе жұмыс істеп, өзенді тазартуы қажет. Жарыс алаңына көк және қызғылт сары түсті шар жіберілген. Шарт бойынша оларды жылдам және көп жинаған топ жеңіске жетеді.

Бәйгеге әлемнің 160-тан астам елінен келген оқушылар қатысты. Халықаралық олимпидада Назарбаев зияткерлік мектебінің 7 оқушысы бақ сынады. Соның бірі Олжас Базарбеков. Оның робототехникамен әуестеніп жүргеніне 1 жылға жуықтапты. Негізі бұған дейін есепке жақын болып, математиканы тереңдетіп оқып жүрген.

«Робототехника дегеніміз ол әр түрлі проблеманы шешуге арналған. Робототехника арқылы сен әлемді жақсарта аласың. Ал математика саласы арқылы тек жаңа теорема, теорияны ойлап таба аласың»,- деді Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы, Олжас БАЗАРБЕКОВ.

Үздік ондыққа енген жастар бұған дейін де түрлі сайыстарға қатысқан. Осы жылдың наурыз айында Мәскеуде робот техникасы бойынша өткен халықаралық байқауда жүлделі орынды иеленген.

«Қазақстанның жасөспірімдерінің болашағы бар. Және де біз басқа елдермен сайыса алатынымызды және жасөспірімдер өте білікті, әрі білімді екендіктерін көрсеткім келген. Сол ең бірінші мақсатым болған. Менің ойымша біз ол мақсатқа әбден жеттік. Себебі бүкіл әлемнің топ онына кіру де өте жақсы жетістік. Әрине, біз бірінші орын алғымыз келді.

Ізденімпаз шәкірттер енді алдағы уақытта Қытай мен Англияда өтетін байқауларға қатыспақ. Ал келер жылы АҚШ-қа тағы да аттанып, ол жерден алтын алып келуге ниетті.

Перизат Көмекбайқызы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы


Новости партнеров