Әскери полицияның үш офицері сотталды

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Әскери полицияның үш офицері сотталды. Сарбаздардың қауіпсіздігіне сақтықпен қарауы тиіс сақшылардың өздері қылмысқа тартылып, сот залында қолдарына кісен салынды. Сондай-ақ олар әскери атақтарынан да айырылды.

Әскери полицияның үш офицері де өткен жылы Отар әскери гаризонында қайтыс болған сарбаз Саян Сатыбаевтың  өліміне байланысты қозғалған іс бойынша жауапқа тарылды. Үйге қайтуына небәрі 5 ай қалғанда Саянға өзінен бұрын келген сарбаз әлімжеттік жасап, соққы алған отанқорғаушыны әскери полицейлер екі ай  жеке ұстайды. Кейін Саян қызға бола өзіне қол жұмсады деп  мәлімдеген еді.

«Әскери полицияның қарауында екі ай заңсыз ұстайды. Бұл баланың мәйітін қарағанда 21 дене жарақаты табылады. Оның  дене жарақаты оқиға болған күні алған дене жарақаты. Иегінен, қарақұстан, жауырынынан. Сол себептен бұл баланы жиі ұрып, осындай жағдайға жеткізген», - деді жәбірленуші С.Әлжановтың адвокаты Ерлан ҚҰСАТАЕВ.

Шенділердің «сарбаз өзі асылып қалды» деген мәлімдемесін жоққа шығару үшін  туыстары бірнеше рет тәуелсіз сараптама жасатқан. Әскери сарапшылардың алғашқы шығарған қортындысының заңсыз, әрі жалған сараптама екенін де анықтаған. Тек ұзаққа жалғасқан тергеуден соң ғана сарбазды заңсыз оқшаулаған  үш әскери полицей  кінәлі деп табылды. Қылмыстық кодекстің 12 бабын негізге алған судья гвардияда офицер-анықтаушы болған Мұрат Әшімалиевті, Әділет майоры Дәуітбек Молдабаев пен подполковник шеніндегі Ерлан Баймұрзаевты өз істеріне жауапсыздық танытты деп айыптады.  

«ҚР қылмыстық істерді жүргізу әскери соты үкім етті. Баймұрзаев Ерлан Түребекұлын ҚК 453 бабының 2 бөлімінде көрсетілген қылмысты жасағаны үшін айыпты деп тауып,  2 жыл 6 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сот залынан қамауға алынып, үкім заңды күшіне енгенше ЛА-155/18 тергеу абақтысында  ұсталсын», - деді қалалық гарнизоны әскери сотының судьясы  Даниял БАЙМАҚҰЛОВ.

Судья тағы екі әскери полицейдің әрқайсына 3 жылдан жаза тағайындап, барлығын атақтарынан айырды. Сотқа қызметтік киімдерімен келген полицейлер ауыр жаза арқаламаймыз деп келсе керек, қымбат сағат, телефондарын қорғаушыларына беріп, үйлеріне хабарлауын өтініп жатты.

«Балам политехникалық колледжде Көкшетауда оқыған. Әскерге барып келейін деген. МАИ-да жұмыс істеймін деген еді. Қанатымды қиып тастады. Бұларға көп жаза беру керек еді», - деді марқұм С.Сатыбаевтың әкесі  Садық ӘЛЖАНОВ.

Гарнизондағы  шенділер марқұмның отбасына басында қаржылай көмектесеміз деп уәде бергенмен, тек жерлеу кезінде әскери шатыр тігіп берумен ғана шектелген. Ақмола облысынан әскерге аттандырған ұлдарын  жарты жылдан соң мүрде күйінде қарсы алған  қайғылы отбасы  моральдық  және материалдық шығын үшін тағы соттаспақ. Бұдан бөлек  35 томнан тұратын қылмыстық іс тағы жалғасып, Отар әскери гарнизоны командирлерінің үстінен де сот процесі жүрмек.

Әмірболат Құсайыұлы, Қанат Кигізбаев, «Алматы» телеарнасы    


Новости партнеров