|
31.07.2018 | 11:37
3846

Алматыда күн сайын 80-нен астам нысан ыстық судан ажыратылады

Алматыда күн сайын 80-нен астам нысан ыстық судан ажыратылады

Алматылықтардың ыстық суға берешегі 3 миллиард теңгеден асып жығылады. Айлап қарызын төлемейтін тұрғындарға қалалық жылу жүйесіне жауапты мекеме қызметкерлері тиісті шаралар жүргізуге кірісті.

Дегенмен, кейбір жеке тұлғалар түрлі сылтау айтып, берешегі бола тұра, мамандардың ыстық суды өшіруіне қарсылық көрсетуде.

Алматы жылу жүйесінің мәліметі бойынша, осы жылдың басынан бастап 3 мың 150 нысан ыстық судан ажыратылған. Оның ішінде, көппәтерлі үйлер мен заңды тұлғалар да бар. Берешектің жалпы сомасы 3 339 млн теңгеден асып жығылады. Айлап қарызын төлемейтіндер ыстық суын өшіріп тастаған соң, екі-үш күннің ішінде берешегін өтеуге кірісе бастайды дейді мамандар.

Бүгін де «Ақкент» тұрғын үй кешеніндегі 29-шы үйдің 5 пәтерінің ыстық суы өшірілді. Көбісі 5-6 ай коммуналдық төлем жасамағандар, арасында 2 жылдан бері төлем жасамағандар да бар. Жалпы, жылу беруші ұйымға осы кешен тұрғындарының 804 млн теңгеден астам қаразы бар. 

Жүргізіліп жатқан іс-шаралар аясында күн сайын жылу беруші ұйым 80-нен астам нысанды ыстық судан ажыратуға мәжбүр. Бүгінгі тексеріс барысында қарызы 100 мыңнан асып кеткен 9 заңды тұлғаға шара қолданылды. Соның бірі – мына сұлулық салоны. Жарты жылдан астам уақыт ыстық суға төлем жасамаған сән салонының иесі бар кінәні ақша жинайтын бақылаушыға тақты.

«Қазіргі уақытта қалада 3150-ге жуық пәтер иесі қарызгер ретінде тіркелген. Бүгін өте көп қарызы бар адамдардың ыстық суын өшірдік. Оның ішінде, 29 пәтерге және 9 заңды тұлғаға шара қолданды», – деді «Алматыжылу жүйесі» ЖШС бөлім басшысының міндетін атқарушы Серік СҮЛЕЙМАНОВ.

Алматы жылу жүйесінің мақсаты  – борышкерлерді бірден ыстық судан өшіріп тастау емес, алдымен профилактикалық іс-шаралар жүргізу. Тұтынушы-борышкерлердің жинақталған берешегі бар екені туралы хабарлама жібереді. Содан кейін де төлем жасалмаса, олардың нысандарына ыстық су беру тоқтатылады. Егер борышкер берешектің барлық сомасын төлейтін жағдайы жоқ болса, онда бірнеше жыл бойы қарызын бөліп төлеуіне болады. Мамандар оңтүстік астаналықтарға тексерістің осымен ғана аяқталмайтынын құлаққағыс етеді.  

Тоғжан Аман, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир