Алматыда иттерінің артын жинамаған адамдарға 7 мың теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін. Оған қоса, оларды серуендетуге иесінің бақылауынан шықпайтындай ұзындықта қарғыбау тағу міндеттеледі. Ал бойы 25 сантиметрден асатындарын тұмылдырықсыз далаға алып шығуға мүлдем тыйым салынады. Ауыл шаруашылығы басқармасы иттердің тұқымына қарай тізім дайындап, ішіне адамға қауіпті деген 32-ден астам түрін енгізген. Қазір қалалық мәслихатта үй жануарларына қатысты заңға бірқатар өзгертулер енгізу қарастырылуда. Ережемен толықтай танысып жатқан депуттар құжатты ақпан айында мақұлдамақ.
«Тұмылдырық кигізбейтін де жануарлар болады. Олардың бойы 25 см-ден аспаса, пұшық мұрынды иттер болады ғой. Оларға тұмылдырық кигізе алмайды. Сондықтан оларға тұмылдырық киюдің қажеті жоқ. Серуендетуші ит иесінің қолында нәжісті жинап алатын пакеті болуы керек. Осы мәселелер көзделген», - деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрлан ТӘШІМОВ.
Жалпы Алматыда тұрғындарға қанша үй жануарын ұстаса да шектеу қойылмайды. Бірақ көршілерінің мазасын алса ісі әкімшілік сотқа жолданып, иесі үй жануарларынсыз қалуы әбден мүмкін. Айтпақшы, итті ішімдік ұрттап алып қыдыртуға, сондай-ақ спорттық және балалар алаңында алып жүруге, субұрқақтарда шомылдыруға болмайды. Ережені бұзғандармен жергілікті полиция айналысады. Айта кетейін, былтыр 4 мың 300-ден астам адамды ит қауып алған. Абырой болғанда, адам өлімі тіркелген жоқ. Бұл уақытылы жүргізілген тіркеу мен вакцинация салудың арқасы, дейді ветеринарлар.
«Қазіргі таңда әкімшіліктің қолдауымен 2017 жылы 70 мың ит чиптендірілді. 10 мың бас ит пен мысық кастрация және стерилизация жұмыстары атқарылды», - деді Алматы қаласы Ауыл шаруашылығы басқармасының бөлім басшысы Нұрлан ТӘШІМОВ.