Арнайы операция барысында ұсталған қырғызстандық депутат Қазақстан азаматы болып шықты

Арнайы операция барысында ұсталған қырғызстандық депутат Қазақстан азаматы болып шықты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Контрабандалық саудаға қатысы бар деген күдікпен қолға түскен Қырғызстанның халық қалаулысы Қазақстан азаматы әрі ұлты да қазақ  болып шықты. Бұл туралы еліміздің Ішкі істер министрлігі Мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры Алмас Садубаев мәлімдеді. Қырғыз Республикасы Жогорку кенешінің депутаты Дәмірбек Асылбекуулы елімізде жүргізілген арнайы операция барысында ұсталған еді.

«Дәмірбек Асылбекұлы Жамбыл облысында дүниеге келген. Ұлты-қазақ. Кәмелет жасқа толған соң, оған ҚР азаматының жеке куәлігі мен паспорты берілген. 2010 жылы құжаттардың мерізімі өтуіне байланысты оларды қайта жаңартқан. Анық болғандай, Асылбекұлы Қазақстан Республикасының азаматтығынан шығуға өтініш бермеген. Қазіргі таңда осы факт бойынша қызметтік тексеріс жүргізуде», - деді ҚР ІІМ мемлекеттік тіл және ақпарат департаментінің директоры  Алмас САДУБАЕВ.

Айта кетейік, осы аптаның басында елімізде контрабандалық жолмен тауар тасымалдаған 35 күдікті қолға түсті.  Сот шешімі бойынша, 33 азамат қазіргі кезде темір торға қамалған. Бұл туралы Бас прокуратура ресми түрде мәлімдеп еді. Ведомство таратқан ақпарат бойынша, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұлттық бюро және прокуратура өкілдері еліміздің үш аймағында арнайы рейд ұйымдастырған. Нәтижесінде кедендік бекеттердің түрлі лауазымдағы тұлғалары, шекара қызметкерлері, брокерлер мен делдалдар ұсталды. Қолға түскендер қатарында 3 қырғыз азаматы да болған. Белгілі болғандай, олардың бірі қырғыз парламентінің депутаты Дәмірбек Асылбекуулы болып шықты. Осы жағдайға орай, Қырғыз-Қазақ тараптары мәселенің анық-қанығын білу үшін өзара нота да алмасты.


Новости партнеров