Автомагистраль құрылысын бастаған компания Талхиз қаласын қалпына келтірмек

31.10.2016 16:09

Көне Талхиз қаласында ірі автомагистраль құрылысын бастаған компания қорымды қалпына келтіруге міндеттелді. Қазылған жерді қайта көміп, ерекше қорғаудағы аймақты басынан жасақтайды. Ал, Алматы облысының басшылығы тасжолды жаңадан жобалайды. Бұл шешім үкімет басшысының орынбасары Иманғали Тасмағамбетовтың Талғар қаласына жасаған тексерісі кезінде қабылданды. Археологтардың айтуынша, құрылыс компаниясы қорымға тиесілі 400 метр жерді қазып тастаған. Шұңқырдың тереңдігі 9 метр. Кезінде бұл аумақтан орта ғасырлық бұйымдар табылған. Кейін Талхиз қалашығы ЮНЕСКО-ның ерекше қорғалатын ескерткіштер тізіміне алынды. Ғалымдардың айтуынша, ежелгі Талхиз әлі күнге сыры ашылмаған жұмбақ жер. Болашақта Талғарды тіпті Орталық Азиядағы тарихи туризм орталығына айналдыруға болады.


«Егер біздің Талғар қаласы тізімнен алынатын болса, онда Жетісу өңірінен кірген 8 тарихи мәдени-археологиялық ескерткіш тізімнен алынады. Сондай-ақ көрші Қытайдағы 22 ескерткіш санаттан сызылады. Іргедегі Қырғызстан Республикасының 3 ескерткіші ЮНЕСКО тізімінен жойылады. Бұл - осы елдер арасындағы өте үлкен түсініспеушілікке соқтыруы мүмкін. Сонымен қатар, ЮНЕСО конфессиясы шешімі бойынша, өзімізге алған міндетімізді орындамаған боламыз», - деді «Қазқайтажаңарту» РМК бас директорының кеңесшісі Қанат ТҰЯҚБАЕВ.