Алматыда Елорда күніне орай мерекелік концерт өтті

Алматыда Елорда күніне орай мерекелік концерт өтті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Бүгін ел жүрегі, Қазақстанның қуаты атанған бас қала – Астананың туған күнін бүкіл республика тойлап жатыр. Ал осы сәтте Алматыдағы «Астана» алаңында ұлан-асыр той жалғасуда.

Мерекелік думанды концерттің басталуына әлі бір сағат бар. Дегенмен, тәуелсіздігіміздің алтын бесігі Астананы шын жақсы көретін алматылықтар белгіленген уақытынан бұрын жиналып жатыр. Өйткені, сәулеті мен дәулеті келіскен бағаналы бас ордамыз биыл 20 жасқа толды. Жалпы, өздеріңіз білесіздер, Алматы жылда бұл мейрамды ерекше атап өтеді. Мерейі үстем бас қалаға барлық ән де, би де, ыстық лебіз де арналады. Өйткені, Астананың көркі көпті шабыттандырады. Бүгін «Астана» алаңында аты елге танымал отандық жұлдыздар өнер көрсетеді. Олардың қатарында жас та, жасамыс та сүйіп тыңдайтын Ерболат Құдайбергенов, Кентал, Диана Шарапова сынды әншілер бар. Сондай-ақ, кешкі сағат 20:00-де басталатын шарада 60-тан астам биші театрландырылған «Нұр Астана» қойылымын қояды. Басынан бағы таймаған Астанаға шетелдіктер тамсанады, ал тұрғылықты халқы ешқайда көшпестей болған. Ал еліміздің басқа қалалары еліміздің тірегін ерекше мақтан тұтады.

Астананың туған күнін тойлау бір күнмен шектелмейді. Тағы айта кетейін, Жібек жолы және Панфилов көшелерінде мерекелік демалыс күндері «Алатау» дәстүрлі өнер театрының қойылымдары , «құрақ көрпе» тігуден шеберлік сыныптары, жастардың Art party, Астананың 20 жылдығына  арналған спектакльдер мен жастар концерттері болады. Одан болек, 8-шілде күні мерейтойлық веложарыс пен «Шымбұлақ-Нұрсұлтан шыңы» Альпиниадасы ұйымдастырылады. Ал, бүгінгі мерекелік шара сағат 22:00-де әдеттегідей отшашумен аяқталады. Қызықтың бәрін өзіңіз "Астана" алаңына келіп көруге мүмкіндіктеріңіз бар.  

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров