|
26.10.2016 | 15:02
2213

Қаскелеңде дүниеге келген үшемнің бірі шетінеп кетті

Қаскелеңде дүниеге келген үшемнің бірі шетінеп кетті

Қаскелең қаласының перзентханасында жыл басынан бері ай-күні жетпей туған 12 бала шетінеген. Өткен аптада үшемді дүниеге әкелген Айгүл Ысқақованың шақалағы да солардың қатарында. Суыт хабарды демалыс күні көпбалалы ананың туысқандары жеткізді.


Өткен аптада ғана Қаскелең қаласының Қарасай аудандық ауруханасындағы перзентханада үшем дүниеге келді деген сүйінші сюжет жариялаған едік. Алайда, ананың қуанышы көпке созылмады. Небәрі 18 күн ғана өмір сүрген Раянаның жүрегі тоқтады. Енді қазіргі кезде ауруханада тексеру жұмыстары жүріп жатыр. Сот-медециналық сараптамасының қорытындысы алдағы аптада белгілі болмақ.

6 қыз 4 ұл болар еді. Өкінішке орай, үшемнің біреуі, Раяна есімді қыз шетінеп кетті. Шақалақ туған кезде салмағы 1,5 келі болды. Тиісті салмағын жинау үшін дәрігерлер оны бірден жан сақтау бөліміне жатқызған. Жағдайы жақсарып келе жатқан нәрестені кейін анасының жанына жатқызған. Үш күндей анасымен бірге болған шақалақтың неден көз жұмғаны әлі белгісіз.

«Сүтін жақсы ішті. Тамағын жақсы ішті. 15 грамм ішті деп дәрігерге айтайын деп барғам, қайтып келсем ваккумде бала ашық жатыр. Ваккумдегі баланы сыртқа шығарып тастаған. Енді оны кім шығарғанын білмеймін. Қалай шығарғанын. Менің жанымда ешкім болмады», - деді көп балалы ана Айгүл ЫСҚАҚОВА.

Кішкентай қызының күш жинап келе жатқанын алтын құрсақты ана қуанышпен арнамызға хабарлап отырды. Ай күні жетпей туған бала арнайы боксқа жатқызылып, жіті бақылауға алынған. Перзентхананың ресми өкілі мәселенің мән-жайын толық анықтамағанша кімнің жауапты екенін айта алмаймыз, дейді. Тек Айгүл жатқан палата бақылау камераларымен жабдықталмаған. Анасының алдын-ала пайымы бойынша, белгісіз жағдайда бокстан шығарылған нәрестенің организміне сыртқы температура кері әсер етуі ықтимал. Ал, дәрігерлер баланың бокстан шығаратындай халге жеткенін айтады.

«Оқиғаға байланысты тексеріс жүріп жатыр. Әзірге патолого-анатомиялық дәрігердің қорытындысы шықпайынша, кімнің кінәлі екенін айта алмаймыз. Әр түрлі жағдай болады. Бір айтар жайт - ай күні жетпей туған балалардың өлімі жыл басынан бері біздің перзентханада 12-ге жетіп отыр. Негізінен біздегі көрсеткіш 1000 туылса оның 8-10-ны шетінейді. Алдын ала айтамыз - егер бізден кінә болса жауапты адам жаза тартады», - деді «Қарасай аудандық орталық ауруханасы» МКК директорының орынбасары Ләззат ҚОРҒАНБАЕВА.

Көпбалалы отбасының отағасы Қайрат тек кінәлі адам жазасын тартса екен дейді. Ал, Шымкенттен арнайы келген Айгүл Ысқақованың әкесі бұл істі аяғына дейін жеткізуге бекінді. Әуелі, сараптама қорытындысын күтпек.

Әнуарбек Жәлел, Рашит Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
Прямой эфир