Алматы қаласы мәслихатының 2021 жылы 30 сәуірде өткен IV сессиясында депутаттар Жеңістің 76 жылдығы құрметіне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне бірреттік әлеуметтік көмек төлеу туралы ұсынысты қолдады. Ардагерлерге 1 миллион теңгеден және еңбек майданына қатысушыларға әрі бейбіт уақытта қаза тапқан ардагерлердің жұбайларының әрқайсысына 50 мың теңгеден біржолғы төлем беріледі, деп хабарлайды Almaty.tv.
2021 жылы жергілікті бюджеттен бірреттік төлемдер 17 мың адамға, оның ішінде ҰОС қатысушылар мн мүгедектерге,оларға теңестірілген еңбек майданына қатысушыларға және басқа санаттарға төленеді.
«Төлемді төлеп бастадық. Мәслихат сессиясы өткеннен кейін төлемді ұзартпай бастап кеттік. Бүгіннен бастап және 9 мамырға дейін барлық кімге тиесілі сол кісілердің барлығы осы төлемді алатын болады», – деді қалалық Әлеуметтік әл-ауқат басқармасы басшысының орынбасары Данияр Әлкебайұлы.
«Мұның бәрі орынды көмек деп ойлаймын. Одан кейін басқа компаниялардың барлығы қазір ұмтылып сұрап жатыр. Қалай барып құттықтасақ Ұлы Отан соғысының ардагеріне? Қалай көмектессек? Кімге тамақ апарып берсек? Азық-түлік кімге, кімнің үйіне жөндеп берсек?.. Ондай көп. Біз риза болып отырмыз», – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы, қалалық мәслихаттың депутаты Көпесбай Жампейісов.
«Арнайы әлеуметтік себеттерді жеткізу, керек болған жағдайда демеуші тауып азық-түлікпен де қол үшін созу. Және айта кететін жайт, мүмкіндігі шектеулі жандар болғандықтан еріктілер барып аулаларын жинап, ыстық ас әзірлеп берген кездері болған», – деді «Jas Оtan» жастар қанатының еріктісі Диана Амангелді.
Сонымен, ҰОС 123 қатысушылары мен мүгедектерінің әрқайсысына 1 миллион теңгеден беріледі, 4 мыңға жуық адамның әрқайсысы 100 мың теңгеден, ал 12 мыңнан астам адамның әрқайсысы 50 мың теңге алатын болады.
Анықтама:
- Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектері
1 млн. теңгеден (123 адамға 123 млн. теңге);
- жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне теңестірілген тұлғаларға 100 мың теңгеден (1 709 адамға 170,9 млн. теңге);
- басқа мемлекеттердiң аумағындағы жауынгерлік ұрыс қимылдарының ардагерлеріне 100 мың теңгеден (2 725 адамға 272,5 млн. теңге);
- Ұлы Отан соғысында қаза тапқан (қайтыс болған, хабарсыз кеткен) жауынгерлердiң екiншi рет некеге тұрмаған жесірлеріне 100 мың теңгеден (1 адамға 0,1 млн. теңге);
- Ауғанстандағы немесе жауынгерлік ұрыс қимылдары жүргiзiлген басқа да мемлекеттердегi ұрыс қимылдары кезiнде жаралануы, контузия алуы, мертігуі, ауруға шалдығуы салдарынан қаза тапқан (хабар-ошарсыз кеткен) немесе қайтыс болған әскери қызметшiлердiң ата-аналарына және қайта некеге тұрмаған зайыбына (жұбайына) 100 мың теңгеден (29 адамға 2,9 млн. теңге);
- еңбек майданына қатысушыларға (ҰОС кезінде тылда жұмыс істеген), соның ішінде КСРО медальдарымен және ордендерімен марапатталғандарға, сондай-ақ марапатталмағандарға 50 мың теңгеден (12 мың адамға 600 млн. теңгеге жуық);
- ҰОС қайтыс болған мүгедегінiң немесе жеңілдіктер бойынша ҰОС мүгедектеріне теңестiрiлген адамның екiншi рет некеге тұрмаған жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жалпы ауруға шалдығу, жұмыста мертігу және басқа да себептер (құқыққа қайшы келетiндердi қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған, ҰОС қайтыс болған қатысушысының, партизанның, астыртын әрекет етушiнің, «Ленинградты қорғағаны үшiн» медалiмен немесе «Блокададағы Ленинград тұрғыны» белгiсiмен наградталған азаматтың екінші рет некеге тұрмаған жұбайына (зайыбына) 50 мың теңгеден (590 адамға 29 млн. теңгеге жуық).