Алматы әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады

Алматы әкімі Ұлы Отан соғысының ардагерлерін Жеңіс күнімен құттықтады
Алматы басшысы қалада барлығы 75 Ұлы Отан соғысының ардагеріне лайықты көңіл бөлініп, қолдауға ие болғанын айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ұлы Жеңіс күнін мерекелеу қарсаңында Алматы әкімі Ерболат Досаев Ұлы Отан соғысының ардагерлерін жеке құттықтады. Қала басшысы оларға ерліктері мен батырлықтары үшін үлкен алғыс білдіріп, сыйлықтар табыстап, 9 мамыр күні 28 гвардияшыл-панфиловшылар атындағы саябақта өтетін Мәңгілік алауға гүл шоғын қою рәсіміне шақырды, деп хабарлайды Almaty.tv.

1942 жылы майданға 18 жастағы әскери фельдшер болып шақырылған ардагер Шангерей Жаныбековке барған кезінде Ерболат Досаев майдангер жолы жас ұрпақ үшін үлгі екенін атап өтті.

«Сізге көрсеткен ерлігіңіз үшін бас иіп, тағзым етеміз. Сіздер бізге бейбіт аспан сыйладыңыздар. Егер сіздің ұрыс даласындағы ерліктеріңіз болмаса, қазір не болатынын елестету қиын. Сізге ұзақ өмір! Мен сіздің 100 жылдық мерейтойыңызға екі жылдан кейін міндетті түрде келемін», – деді Ерболат Досаев.

Шангерей Жаныбеков – Қостанай облысының тумасы, соғысқа дейін медициналық училищеде оқыған. 2-ші Украин және Брянск майдандарына қатысты, Полтава, Кировоград, Кременчук, Харьков, Белгород, Украина, Молдова, Австрия, Венгрия, Румыния және Чехословакияны жаулардан тазартуға қатысты. Жеңіс күнін Австрияда қарсы алды.

Оның сіңірген еңбегі Октябрь революциясы, II дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, «Ерлігі үшін» екі медальмен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Құрмет грамоталарымен және басқа да лайықты наградалармен атап өтілді. 2017 жылы Шангерей Жаныбековке Алматы қаласының Құрметті азаматы атағы берілді.

Ерболат Досаев сондай-ақ Ұлы Отан соғысына қатысушы Қайырлы Жонқабаевпен кездесті. Ол 1941 жылдың қазан айында әскерге шақырылып, Мәскеу түбіндегі аты аңызға айналған 8-ші гвардиялық Панфилов дивизиясының құрамында соғыстың соңына дейін  болды.

Қайырлы Жонқабаев жеңісті Кенигсберг қаласының шетінде қарсы алды және соғыстан кейін Калинино қаласының комендатурасында қызмет етті.

«Өкінішке қарай, ардагерлердің ішінде бүгінгі бейбіт күнге жеткен  жалғыз панфиловшы өзіңізсіз. Сізде көптеген марапаттар бар – Қызыл Жұлдыз ордені, екінші дәрежелі Отан соғысы, Халықтар Достығы ордені, «Ерлігі үшін» медалі және т.б. бірақ біз үшін Сіз, ең алдымен, біздің тыныш балалық шағымыз, балаларымыздың бейбіт  және  бақытты   өмірі үшін  біз Сізге мәңгі қарыздармыз», – деді кездесу барысында Ерболат Досаев.

Әңгіме барысында Алматы басшысы қалада барлығы 75 Ұлы Отан соғысының ардагері қалғанын және олардың  барлығына лайықты көңіл бөлініп, қолдауға ие болғанын атап өтті.

«Біз барлық ардагерлерді аралап, әрқайсысын келе жатқан 9 мамыр мерекесімен құттықтау үшін орынбасарларыммен, аудан әкімдерімен, басқарма басшыларымен бірге бөлістік. Алдыңғы екі жылда коронавирус жағдайында санитарлық-эпидемиологиялық шектеулерге байланысты сізге баруға және мерекелік іс-шаралар өткізуге мүмкіндік болмады. Биыл бәрі ойдағыдай болады-концерт пен құрмет көрсетіледі. Сіздерді 9 мамырда гүл шоғын қоюға шақырамын. Біз көлікпен, басқа да барлық қажеттіліктермен толық қамтамасыз етеміз», – деді Ерболат Досаев ардагермен әңгімелесу барысында.

Қала басшысы 1943 жылдан бастап армия қатарында қызмет еткен Ұлы Отан соғысының тағы бір ардагері – Александр Журавлевті құттықтады.

Ол 1943 жылдан бастап Карел майданында соғысып, 1944 жылдың шілдесінен бастап 1-ші Украин майданына өтті, содан кейін Польшада, Германияда және Прагада жаумен шайқасты. Жеңісті 1945 жылы 9 мамырда Прагада қарсы алды. Гвардиялық артиллериялық бригадада капитан атағында барлаушы болып қызмет етті, бригада старшинасы болды. Соғыстан кейін 1950 жылдың мамыр айына дейін әскерде қызметін жалғастырды.

Әскери ерлігі үшін Александр Журавлев І дәрежелі Отан соғысы орденін, «Германияны жеңгені үшін», «Варшава үшін», «Берлин үшін» және т.б. медальдарды иеленді.

«Сіздерді шын жүректен мерекемен құттықтаймын. Үлкен алғыс сізге. Мен әрқашан балаларыма қазір бар жақсылықтың бәрі жай ғана пайда болмағанын айтамын. Бәрі басқаша болуы  мүмкін еді. Біздің бейбіт аспан үшін миллиондаған адам қайтыс болды. Әрине, бұл тақырып  тарихқа  біртіндеп енуде. Жас буын  қашанда осылай  болған деп  ойлайды. Бірақ сіздердің, біздің батырларымыздың көзі тірі тұрғанда жасаған  жанқиярлық  ерліктеріңіз ешқашан  ұмытылмайды, жүрегімізде сақталады. Сіздерді 9 мамырда мерекеде күтеміз, бірге атап өтеміз», – деді әкім Журавлевтер үйінде жылы қабылдау кезінде.

Ардагерлермен кездесу майдангерлердің туыстары мен жақындарының қатысуымен жылы атмосферада - жылы көңілде,  жайлы үй жағдайында өтті. Кездесу барысында соғысқа қатысушылар өткен туралы естеліктерімен, әзіл әңгімелерімен және елімізге бейбітшілік пен келісімнің ізгі тілектерімен бөлісті.

Новости партнеров