Президент өз сөзінде күштік органдарда қызмет етудің абыройлы миссия және үлкен жауапкершілік екенін атап өтті
Отан қорғаушылар күні қарсаңында еліміздің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жүрген бірқатар әскери қызметші мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері Президент қолынан мемлекеттік наградалар алды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде күштік органдарда қызмет етудің абыройлы миссия және үлкен жауапкершілік екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан Қарулы Күштерінің сарбаздары мен сардарлары өздерінің қабілетін тұрақты түрде шыңдай отырып, озық жауынгерлік шеберлігін көрсетіп келеді.
«Біз – батырлар жолын берік ұстаған бабалардың ұрпағымыз. Олардың ерлік жолын Отан күзетінде тұрған ерлеріміз лайықты жалғастыруда. Халқымыз ер міндеті – ел қорғау деп бекер айтпаған. Биыл Қазақстан Қарулы Күштерінің құрылғанына 30 жыл толып отыр. Осы кезеңде әскеріміз айбынды армияға айналды. Қырағы жауынгерлеріміз ел шебін қас қақпай күзетіп тұр. Олар мемлекеттігімізді нығайтуға зор еңбек сіңіруде. Қарулы Күштеріміз – Тәуелсіздіктің мызғымас тұғыры, елдіктің берік қалқаны», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев
Президент үш соғыс ардагері – Төлеуғали Әбдібеков, Александр Несмиянов, Ыбырайым Сүлейменовке 1941-1945 жылдардағы Екінші дүниежүзілік соғыста көрсеткен ерліктері мен қаһармандығы үшін жоғары дәрежелі ерекшелік белгісі – «Халық қаһарманы» атағы және айрықша ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін берді. Наградалар майдангерлердің туыстарына табысталды. Батырлар бұған дейін Кеңес Одағының Батыры атағына бірнеше рет ұсынылған, бірақ әртүрлі себеппен марапат берілмеген.
«Екінші Дүниежүзілік соғыста халқымыз Отаншылдық пен ерліктің озық үлгісін көрсетті. 500-ге жуық жерлесіміз Кеңес Одағының батыры атанды. Алайда көптеген майдангеріміздің ерлігі түрлі себептерге байланысты елеусіз қалды. Қазақта ер есімі – ел есінде деген сөз бар. Арада қанша жыл өтсе де халқымыз қаһармандарын ұлықтай береді. Бұл біздің перзенттік парызымыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.