Алматыда Жеңіс күніне орай қалалық ардагерлер кеңесі су жаңа авто көлікке ие болды

10.05.2020 00:06

Темір тұлпарды қала әкімдігі сыйға тартты

Бүгін атаулы күнге орай қалалық ардагерлер кеңесі су жаңа авто көлікке ие болды. Темір тұлпарды қала әкімдігі сыйға тартты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Салтанатты шараға Алматы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов, ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан Бижанов пен отандық авто өнеркәсіп өкілдері қатысты.

Алмалы ауданы әкімдігінің алдында өткен салтанатты рәсімге қатысқан адам аз. Себебі алдымен карантин тәртібі сақталды. Қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов қан майданда шайқасқан ардагерлерге алғыс айтып, қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасына су жаңа көліктің кілтін тарту етті.

«Баршаңызды Жеңістің мерейлі 75 жылдығымен құттықтаймын. Өздеріңіз білесіздер,  Ұлы Отан соғысы еліміздегі әр жанұяға  өзінің әсерін тигізді. Біздің майдангер ардагерлерімізді ешқашан ұмытпауымыз керек. Сол себепті бүгін қала әкімі Бақытжан Әбдірұлы қалалық ардагерлер кеңесіне жаңа көлік ұсынып отыр», – деді қала әкімінің бірінші орынбасары Ерлан ҚОЖАҒАПАНОВ.

1987 жылы құрылған ардагерлер кеңесінің құрамында 250 мыңнан астам зейнеткер бар. Олардың ішінде 200-ден астамы екінші дүниежүлік соғысқа қатысқан.  Ал, 15 мыңы тыл ардагер. Олардың барлығының атынан кеңес төрағасы өз алғысын жеткізді.  

«Жалпы айтқанда біздің мемлекетте  ардагерлерге деген қамқорлық өте жоғары. Сондықтан бүгінгі мерекеде алматылықтарды, соғыс ардагерлерін құттықтай отырып, зор денсаулық тілеймін», – деді қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ақан БИЖАНОВ.

Айта кетейік, ардагерлерге деген қамқорлық қашанда басты орында. 7 мамыр күні мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ардагерлер туралы» заңға қол қойған еді. Заң бойынша ардагерлерге төленетін жәрдемақының мөлшері артып, бірқатары салықтардан босатылатын болды.

Қуан Нұрақын, Ғани Қалуов, «Алматы»  телеарнасы