Алматыда Ұлттық ұлан қызметкерлері Панфилов дивизиясының соңғы сарбазын құттықтады

Алматыда Ұлттық ұлан қызметкерлері Панфилов дивизиясының соңғы сарбазын құттықтады
Ардагер осы жылдың күзінде 100 жасқа толады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Мәскеу түбіндегі шайқаста алматыда жасақталған Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің үлкен ерлік көрсеткені белгілі. Атақты Бауыржан Момышұлымен иық тіресе соғысқан кейбір батырлар осы күнге дейін арамызда жүр. Ұлы мереке күні әскерилер биыл ғасырлық мерей тойын атап өткелі отырған ардагерді Ұлы жеңіспен құттықтап,  ардақты ақсақалға зор құрмет көрсетті.

Бүгін Панфилов дивизиясының соңғы жауынгерлерінің бірі Қайырлы Жонқабаевтің үйінің ауласында салтанатты шара. Мұнда Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, «Нұр отан» партиясының өкілдері, ардагерлер кеңесінің өкілдері ардагерімізді жеңіс мерекесімен құтықтауға келген, деп хабарлайды Almaty.tv.

Қайырлы Жонқабаев 1921 жылы 10 құркүйекте Шығыс Қазақстан облысы Самар ауданында дүниеге келді. Еңбек жолын Құлжа орта мектебінде мұғалім болып бастаған жас маман, 1941 жылы майданға сұранып, Панфилов дивизиясына түседі.  

«Панфилов бізге сондай бағыт-бағдар тастап кеткен. Соны орындап, соғыста болдық. Неміс фашист солдаттарын 30 километр қалған жерде Мәскеуден тоқтаттық», – деді ҰОС ардагері Қайырлы Жонқабаев.

Ардагер соғыста басынан аяғына дейін болған. 1943 жылы  Ржевтегі қанды шайқаста ауыр жараланғанына қарамастан, Белоруссия, Польша, Эстонияны азат етуге қатысып, жеңісті алман елінің Дрезден қаласында қарсы алған.

«Бүгін біз Панфилов дивизиясының жауынгерін Ұлы жеңіс күнімен құтықтауға келдік. Қайырлы Жонқабаев ол жай ғана соғыс ардагері емес, ол Панфилов дивизиясының ардагері, Мәскеуді қорғаудағы ең мықты жасақтардың бірі болған», – деді Панфиловтың жиен немересі Алуа Байқадамова.

Соғыста көрсеткен ерлігі үшін «Қызыл Жұлдыз», және ІІ дәрежелі «Отан соғысының» орденімен, «Ерлігі үшін», «Мәскеуді қорғағаны үшін» медальдарымен және басқа да көптеген наградалармен марапатталған.

«Жыл сайын Ұлы жеңіс күні мерекесінің алдында осындай шаралар өткіземіз. Ардагерлеріміздің денсаулығы мықты болып, ұзақ өмір сүрсін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!» – деді ҚР Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының қолбасшысы Талапкер Әміреев.

Ардагер осы жылдың күзінде 100 жасқа толады. Ғасыр жасаған майдангер ұзақ жасаудың құпиясы тынымсыз еңбектің арқасы деп біледі. Қария қазір де тың, бар тілегі елінің амандығы.

Назгүл Әмірбек, Медет Саматұлы, «Алматы» телеарнасы.

Новости партнеров