«16 жасымда әскерге аттандым»: 97 жастағы Нұрғасым Әжітаев соғыс жылдарын еске алды

Almaty.tv
Almaty.tv
Ардагер 7 баласынан 10 немере, 9 шөбере сүйіп отыр
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елорда іргесіндегі Қосшы қаласында тұратын соғыс ардагері 97 жастағы Нұрғасым Әжітаевтың балалары әкеміз бізді ұдайы осылай кішіпейілділікке үйретіп келеді дейді.  Ол майданға небәрі 16 жасында аттанған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Отан үшін от пен оқтың ортасында жанын шүберекке түйген ардагерлеріміздің бірі - Нұрғасым Әжітайұлы. Ел намысын қорғаған, елеулі еңбек сіңірген қария бүгінде 97 жаста. Майданға буыны бекіп, бұғанасы қатпаған жасында аттанған ол сұрапыл соғыстың жаңғырығы әлі жадымызда дейді.

«Бейбітшіліктің арқасында 70-80 жыл болды»аман-есен жүріп жатырмыз.  16 жасымда әскерге аттанып, 21 жасымда елге оралдым. Майдан даласында көрмегеніміз жоқ. Жақсы еңбек жасап, қай жерде жүрсем де Жеңіспен қайтқаным үшін Сталиннің батасын алдым», – деді ҰОС ардагері Нұрғасым Әжітаев.

Нұрғасым Әжітайұлы 1943 жылы әскер қатарына алынады. Сол жылы Новосібір қаласының мергендер мектебінде оқу-жаттығудан өтеді. Майдан даласында авиациялық қызметте атқыштар қатарында болған. Берлинді алуға жасалған шайқасқа қатысып, 1945 жылы Жапониямен болған ұрыста да ерлік танытады. Көп тіл білгендіктен Қытай жерінде аудармашы болып жұмыс істейді. Ардагердің үлкен ұлы қазір 70-ке келген.

«Құрылыс саласында жұмыс істеді да, ағаш шебері болып жұмыс істеді. Бізді адалдыққа, еңбекке, үйретті. Табиғатта демалу, кітап оқу, жай әңгіме айтып, өткен-кеткен естеліктерін, үлкен ата- бабаларымыз туралы да айтып отыратын», – деді ардагердің ұлы Ермек Әжітаев.

«Атам маған көп нәрсе үйретті. Атадан үлгі алдым. Мен өскенде ата сияқты батыр болғым келеді», –  деді ардагердің шөбересі Нұрәлі Айтқалиев.

Ардагерді Жеңіс күнімен көршілері де құттықтап келді. Батыр қариямыз Жапонияны жеңгені үшін медалімен марапатталған. Одан бөлек, 2 дәрежелі Отан соғысы ордені, Кеңес Одағының Маршалы Георгий Жуков медалі және тағы басқа көптеген марапаттарды кеудесіне таққан. Нұрғасым Әжітаев 7 баласынан 10 немере, 9 шөбере сүйіп отыр. Ал 2012 жылы қажылық парызын өтеп келген.

Қаламқас Нысанбай, Данияр Омар, Нұрлан Өтеген, «Алматы» телеарнасы Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров