200 мың сом немесе 8 танк: Жауынгерлерге қолдау жасаған тыл еңбеккері Есенғабыл Баймендиев

26.04.2021 21:45

Жеңіс сыйлаған батырларға құрмет әрдайым көрсетілуі тиіс

almaty.tv

Жеңіс сыйлаған батырларға құрмет әрдайым  көрсетілуі тиіс.  200 мың сом немесе 8 танк. Сұрапыл соғысқа бара алмаған тыл еңбеккері Есенғабыл Баймендиев жауға қарсы шайқасқан жауынгерлерге осылайша қолдау жасаған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Оның патриоттық ісін Сталиннің өзі жоғары бағалап, арнайы телеграмма жіберген. Бүгінде тыл ардагерінің бұл қайырымды қадамын балалары айтып, мақтанады.

Қарапайым халықты қара тұман басқан сол бір 1941 жылы ер азаматтарды жасына қарамай, лек-легімен ұрыс даласына әкетіп жатты. Есенғабыл Баймендиев ол кезде Мақтаарал ауданындағы Андреев колхозының төрағасы болып жұмыс істеді. Соғысқа аттанып, шайқасамын деп аудандық әскери комисариатқа бірнеше мәрте барады. Алайда сол бір сұм әрі суық кезде тылда да еңбек майданы қыза түсті.

«Басында соғысқа алмай, партия кері қайтарған екен. Өзбекстанда Сырдария деген станция бар. Сонда пойызға мінгізейін деп жатқанда, келіп машинаменен біздің әкемізді, тағы бір-екі адамды қайтып алып кетті. Сөйтіп жұмыс істеткен», – деді тыл ардагері Е. Баймендиевтің ұлы Тоқтар БАЙМЕНДИЕВ.

Осылайша Есенғабыл ата елде қалып, аянбай еңбек етеді. Соғыс өрті лаулай түскен тұста, әсіресе мал шығынына жол бермеу бағытында жұмыс істейді. Мал өнімдерін көбейтеді. Ал майдан даласына барып, жаумен шайқаса алмағандықтан, бағып отырған барлық төрт түлігін сатып, одан шыққан 200 мың сомын соғысқа жолдайды. Бұл ақшаға Қызыл әскер 8 танк алған екен. Есенғабыл атаның осы патриоттық ісі сол кездегі газеттерде жазылады. Жомарттығын тіпті Сталиннің өзі бағалап, арнайы телеграмма жібереді.    

«1943 жылы майданға жұрттар жанын аямағанда мен неғып аяймын деп үйдегі малдың бәрін сатып,  қоржынды бір қап  ақшаға толтырып, 30 шақырым жерге апарып тапсырдық дейді. 1944 жылы хат келген ол жақтан. «Аға, сіздің берген танкілеріңізбен Берлинға бара жатырмыз, Гитлерді  жоямыз» деп жазылған. Ол хатты жоғалтып алып, кейін маған  осындай хат  барын айтқан еді.  Кейін Сталиннан алғыс хат келді. Соғысқа осылай көмектескен», – деді тыл ардагері Е. Баймендиевтің ұлы Тоқтар БАЙМЕНДИЕВ.

Соғыстан кейін Есенғабыл Баймендиев заң мектебін тәмәмдап, Келес ауданы Абай ауылындағы сотта 5 жылдай еңбек етті. Кейін қайтып колхоз төрағасы қызметіне оралып, зейнетке дейін жұмыс істеген. Ардагер 80 жасқа келгенде өмірден озған. Енді оның ерлігін артында қалған екі баласы балалары мен немере-шөберелеріне айтып отыр.  

Салтанат Нысанбек, Данияр Омар, Ботагөз Қайырбекова, «Алматы» арнасы, Нұр-Сұлтаннан