|
23.04.2020 | 22:09
6628

Ұлы Отан Соғысы кезінде медбике болған қария: «Соғыс жылдарын өмірімнің ең ауыр кезеңі деп білем»

Мәскеуді жаудан азат етуге қатысқан ардагер тылға өзі сұранып барған

Ұлы Отан Соғысы кезінде медбике болған қария: «Соғыс жылдарын өмірімнің ең ауыр кезеңі деп білем» Almaty.tv

Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында Almaty.tv арнасы қазақстандық қаһармандардың ерен ерлігін көрсетуді жалғастырады. Бүгін соғыс жылдары медбике боп қызмет атқарған Тамара Максимова естеліктерімен бөлісті. Мәскеуді жаудан азат етуге қатысқан ардагер тылға өзі сұранып барған. Жастығына қарамастан көп қиындық көрген қария 96 жаста.

Ұлы Отан Соғысы басталған тұста Тамара Максимованың жасы небәрі 17 жаста еді. Жастығына қарамастан өзі сұранып тылда еңбек еткен. Бастапқы да өрімдей қыздың бетін қайтарыпты. Дегенмен табиғатынан қажырлы жас өз дегеніне жетіп, қолдан келгенше көмек көрсетуге ниет еткен. Енді ғана медбикенің формасын киген ол сұм соғысты көзіммен көрдім дейді. Ол еңбек еткен әскери аурухана тура Волоколам шоссенің маңында орналасқан.

«Есімнен мына бір сәт ешқашан кетпейді. Мені дүрсілкіндірген, жүрегімді жылатқан жағдайды айтып берейін. Бірде бізге жараланған азаматты әкелді. Оның тек басы мен денесі ғана бар екен. Қолы мен қос аяғы жоқ. Ондай жарақаты ауыр адамдарды арнайы госпитальға жіберетін едік. Кейде соғыстан мүгедектік алғандардан туыстары бас тартатын. Оларды қамқорлығына үкімет алатын. Ұлы Отан соғысы жылдарын өмірімнің ең ауыр кезеңі деп білем», – деді Ұлы отан соғысының ардагері Тамара МАКСИМОВА.

Алдыңғы шепте жүріп, жаралы әскерилерді емдеу біздің міндетіміз болатын. Бірақ оған міндет емес, азаматтық борышым деп аса жауапкершілікпен қарайтын едім дейді Тамара апа. Тіпті, ол кезде медициналық қызметкерлер түнімен ұйықтамай, бірнеше отаны қатарынан жасапты. Ал кейде өлім мен өмірдің арасында арпалысқан әскерилерге хат жаздық дейді қарт. Бірде оның жазғаны өмірлік жолдасына жетіпті. Әскериді жас қыздың шабыттындарғаны соншалық, қос аяғынан айырылады деген Константин Максимов жазылып шыққан. Ал 1945 жылы олар Ұлы Жеңісті бірге қарсы алған.

«Сол күні бүкіл мәскеуліктер жаппай көшеге шықты. Үйде ешкім қалмады. Бұл күнді барлығымыз көзімізге жас алып қарсы алдық. Бір-бірімізді құшақтап, сүйіп, ал формадағы жігіттерді көкке көтердік. Бұл сәт те менің есімнен еш кетпейді. Өте әсерлі, бәріміздің көңілімізді босатқан сәт болатын», – деді Ұлы отан соғысының ардагері   Тамара МАКСИМОВА.

Сол күннен бері жұп 60 жыл бойы бірге тату-тәтті ғұмыр кешкен. Кейін Дінмұхаммед Қонаевтың шақыртуымен Қазақстанға көшіп келіпті. Қарияның жолдасы Орталық партия комитетінде, ал өзі университеттердің бірінде оқытушы болып жұмысқа тұрды. Ардагер туған күнінде миллиондаған адамның өмірін жалмаған сұм соғыс енді ешқашан болмасын деп тілек айтты.

Жадыра Омаржан, Ескендір Тоғыспаев, "Алматы" телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир