Бүгінде ардагердің туған жері Семейде ескерткіш тақта орнатылып, атағында көше мен саябақ бар
Шығыс Қазақстан облысы, Арқап ауылынан төрт бірдей Кеңес Одағының Батыры шығыпты. Солардың бірі – Зәкәрия Белібаев. Ол 1941 жылы 21 жасында әскери міндетін өтеп, ауылына қайтуға 1 апта қалған кезде Ұлы Отан соғысы басталады. Осылайша жас сарбаз майдан даласында жүріп бірнеше ерлік көрсетеді. Ұрпағына айтқан естелікті олар бүгінгі күнге дейін жатқа біледі, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
1943 жылдың қазан айы. 177-атқыштар дивизиясының жауынгерлеріне Днепрдің оң жағалауына өту тапсырылады. Жаудың снярадтары дәл өзеннің ортасына түсіп жатса да, немістер «темір бөгет» деп атаған өзенді сарбаздар жанқиярлықпен кесіп өтеді. Оның ішінде қазақ батыры Зәкәрия Белібаев бар еді. Ол 4 тәулік бойы Днепр өзінен бір жағалаудан екінші жағалауға әскери құрам мен техниканы аман өткізген. Осылайша, ерен ерлік көрсеткен қазақ батырына 1943 жылдың қазан айында бұйрық бойынша Кеңес Одағының батыры атағы беріледі.
«Біз тұрған үйде ауылда мынадай атамның бөлмесі болатын. Атама келген хаттар да сақталған. Атам үнемі оқушылармен кездесу ұйымдастырып отыратын. Мына суреттер соның дәлелі», – деді З. Белібаевтың немересі Сандуғаш ЗӘКАРИЯНОВА.
Ардагер майдан шебінде өзінің жауынгерлік жолын 1940 жылдан бастайды. Мәскеу, Германия, Жапония елін азат етуге қатысады. Ел Жеңіске жетіп, миссия сәтті аяқталғаннан кейін елге оралыпты. Кейін ауылдық кеңесте төраға, әуежай жетекшісі сынды бірнеше басшылық қызметтер атқарған. Батыр 1982 жылы 65 жасқа қараған шағында өмірден өтеді. Бүгінде батырдың ұрпағы аталарының ерлігін үлкен мақтанышпен айтып жүр.
Айғаным Арын, З. Белібаевтың шөбересі:
Атамның ұлы ерлігін,
Мақтана айтам мен бүгін.
Бақытты ғұмыр сыйлаған
Арта берсін елдігім.
Енді соғыс болмасын,
Еліміз гүлдей жайнасын.
Өнеге алып сыйлайық,
Ерліктің Ұлы айнасын.
«Мен батырдың ұрпағы екеніме мақтанамын. Ер есімі – ел есінде. Біз батыр аталарымызбен мақтанамыз. Жеңістің 75 жылдық мерекесі құтты болсын», – деді З. Белібаевтың шөбересі Әнуар ТІЛЕКҰЛЫ.
Бүгінде ардагердің туған жері Семейде ескерткіш тақта орнатылып, атағында көше мен саябақ бар. Өткен күнде қасірет шегіп, қан кешкен боздақтарды бүгінгі ұрпақ ешқашан ұмытпақ емес.
Ұлағат Арғын, «Алматы» арнасы